Маңғыстауда түркі халқына ортақ рухани-тарихи құндылықтарды дәріптеуге арналған жиын өтті
Маңғыстауда Түркия Республикасының Ақтаудағы Бас консулдығының ұйымдастыруымен 18 наурыз – Чанаккале шейіттерін еске алу күні, 12 наурыз – Түркия Республикасының Мемлекеттік әнұранының қабылдану күні және халық ақыны Мехмет Акиф Эрсойды еске алу апталығы аясында Yessenov университеті студенттерімен кездесу өтті, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Іс-шараның мақсаты – Чанаккале шайқасының тарихи маңызын насихаттау, түркі халықтарына ортақ рухани-тарихи құндылықтарды дәріптеу, жастардың бойында отансүйгіштік пен тарихи сана қалыптастыру. Кездесу Түркия Республикасының Ақтаудағы Бас консулдығының ұйымдастыруымен өтті.
Түркия Республикасының Ақтаудағы Бас консулы Сабри Альптекин 1921 жылы қабылданған Түркияның Мемлекеттік әнұраны елге рух берген тарихи туынды екенін айтты, Сондай-ақ, оның авторы Мехмет Акиф Ерсой тұлғасына ерекше тоқталды.
-Мехмет Акиф Ерсой – Түркияның Мемлекеттік әнұранының авторы, көрнекті ақын әрі қоғам қайраткері. Ол 1921 жылы Тәуелсіздік соғысы кезінде жазылған «Истикляль маршы» арқылы халықтың рухын көтеріп, елдің бірлігі мен азаттыққа деген жігерін айқындап берді. Бұл шығарма бүгінге дейін түрік халқының тәуелсіздігінің символы ретінде маңызын жоғалтқан жоқ, – деді Сабри Альптекин.
Жиында Yessenov университетінің тарих кафедрасының аға оқытушысы Роза Сидешова Чанаккале шайқасының бүкіл түркі әлемі үшін маңызын атап өтті.
-Чанаккале шайқасы – ерлік пен рухтың, Отанға деген шынайы сүйіспеншіліктің символы. Бұл тарихи жеңіс түрік халқының ғана емес, бүкіл түркі жұртының ортақ мақтанышы, – деді Роза Сидешова.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau-uvp/press/news/details/1184294?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау