Қарағанды облысында еңбек қауіпсіздігін бақылау күшейтілуде. Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссияның отырысында өңірде еңбекті қорғау нормалары мен шарттары қаншалықты сақталатыны және қандай шаралар қабылдау керектігі қарастырылды.
Бұл мәселелерді билік, кәсіподақтар мен өңірдің ірі кәсіпорындары – Qarmet, «Қазақмыс», «Шұбаркөл Көмір», «Altyn Komir Service» және Nova Zink өкілдері талқылады.
Өндірістік жарақаттануды төмендетуге баса назар аударылады. Осы саладағы заңнаманың сақталуын бақылауды Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті жүргізеді: жоспардан тыс тексерулерден жазатайым оқиғаларды тергеуге дейін.
Бір жыл ішінде ведомствоға үш мыңнан астам өтініш келіп түсті. Қызметкерлер көбінесе еңбек шарттарының жоқтығына, жұмыстан заңсыз босатылуына және төлемдердің кешіктірілуіне шағымданады. Алты жүзден астам тексерудің қорытындысы бойынша түрлі бұзушылықтар анықталды – негізінен еңбек қатынастары саласында.
– Өндірістегі қазіргі заманғы қауіпсіздік – бұл нормалар мен стандарттарды сақтау ғана емес, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру. Бүгінде өңірдің 64 кәсіпорны «Нөлдік жарақаттану – Vision Zero» тұжырымдамасына қатысуда. Жалпы алғанда, өндірістік жарақаттану деңгейінің төмендегені байқалады, соның ішінде өліммен аяқталған жағдайлар да, – деп атап өтті Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің департамент басшысы Медеу Ахметов.
Қауіпсіздікті арттыру құралдарының бірі цифрландыру болып табылады. Мәселен, Garmet компаниясының металлургиялық комбинатында өндірістік процестер мен әлеуетті тәуекелдерді 24/7 режимінде қадағалайтын ахуалдық орталық жұмыс істейді.
Әкімдіктер мен кәсіподақтар арасында жүйелі жұмыс жолға қойылған. Басты назарда – 2024–2026 жылдарға арналған қалалық үшжақты келісімді жүзеге асыру.
Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Қожухов атап өткендей, жоспарланған 27 іс-шараның басым бөлігі орындалды. Өткен жылдың өзінде комиссияның жеті отырысы өтті, онда 14 өзекті мәселе қаралды.
Кәсіподақтар үдеріске белсенді түрде қосылды: еңбек ұжымдарында 63 кездесу өткізілді. Дауларды реттеу үшін кәсіпкерлер қауымдастығының базасында медиативтік орталық құрылды.
Бүгінде Қарағандыда 90 мыңнан астам адамды біріктіретін 304 бастауыш кәсіподақ ұйымы жұмыс істейді. Жұмыс орындарын сақтау үшін әкімдік, жұмыс берушілер мен кәсіподақтар өзара түсіністік туралы меморандумдар жасасады – бұл жаппай қысқарту қаупін азайтуға және кәсіпорындарда тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік береді.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өнеркәсіптік өңір үшін еңбек қауіпсіздігі – негізгі мәселелердің бірі екенін атап өтті.
– Біздің ортақ міндетіміз – кәсіпорындардағы еңбек жағдайлары қауіпсіз болуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасау. Бұл мемлекет, жұмыс берушілер мен кәсіподақтар арасындағы тұрақты диалогты, өндірісті жаңғыртуды және қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруды талап етеді, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігіне де ерекше көңіл бөлінеді. Мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру, оларға жалақы мен төлемдерді тиісті уақытында төлеу назарда болады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1184460?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау