Қарағанды облысында Наурыз мерекесіне орай мыңнан астам іс-шара өтеді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қарағанды қаласының Орталық саябағында 17 наурыз күні ерекше акция ұйымдастыру жоспарланған – дрондар қала тұрғындарына бауырсақ таратады. Жалпы биыл Қарағанды облысындағы мерекелік бағдарламалар ұлттық дәстүрлер мен заманауи технологияларды ұштастырады. Іс-шаралар Наурызнама онкүндігі аясында өтеді. Осы он күн ішінде өңірде мыңнан астам мәдени және қоғамдық шара өткізу жоспарланып отыр.

Цифрлық жобаларға да ерекше назар аударылады. 2026 жылы мерекелік бағдарламалар Жасанды интеллект жылы аясында Digital Наурыз – 2026 атауымен ұйымдастырылады. Бағдарламаға ұлттық мәдениетті жастар арасында насихаттауға бағытталған интерактивті әрі технологиялық форматтағы іс-шаралар енгізілген.

«Террикон алқабы» IT-хабы базасында Қарағанды музыкалық комедия театрының қызметкерлеріне арналған нейрожелілермен жұмыс істеу бойынша шеберлік сабақтары өтеді. Қатысушыларға цифрлық контентті генерациялау мүмкіндіктері таныстырылады.

20 наурыз күні осы IT-хабта нейрожелілер мен цифрлық шешімдерге арналған конференция өтеді. Сонымен қатар өңірдің IT-секторы өкілдері – «Казпромавтоматика», Flip.kz, Wooppay, EPAM және басқа да компаниялардың қатысуымен бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Оған жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттері қатысады.

– Біз заманауи технологиялардың ұлттық дәстүрлермен қалай үйлесе алатынын көрсетіп, жастарды цифрлық инновациялар саласына қызықтыруды мақсат етіп отырмыз, – деді ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Константин Ильницкий.

21 наурыз күні «Террикон алқабы» IT-хабы алаңында Урбанистика орталығы Наурыз мерекесіне арналған фестиваль өткізеді. Қонақтарға робо-қол, робот-ит, жасанды интеллект арқылы аватарлар жасау сияқты технологиялық әзірлемелер мен өзге де жобалар таныстырылады.

Негізгі мерекелік іс-шаралар 21 және 22 наурыз күндері облыстың барлық қалалары мен аудандарында өтеді. Орталық алаңдардың бірі Қарағанды қаласындағы Орталық мәдениет және демалыс саябағы болады.

– Екі күндік формат мерекелік бағдарламаны кеңейтіп, қала тұрғындары мен қонақтарын барынша көп қамтуға мүмкіндік береді, – деді мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ғалымжан Өтелбайұлы.

Саябақ аумағында концерттік бағдарламаға арналған үлкен шатыр, киіз үйлер кешені, ұлттық спорт түрлеріне арналған алаңдар, қолөнершілер аймағы, сауда павильондары, фотозоналар, алтыбақан және балаларға арналған ойын алаңы орнатылады.

Сондай-ақ мұнда қазақ күресі, асық ату, садақ ату және арқан тарту бойынша жарыстар ұйымдастырылады. Концерттік бағдарлама 21 наурыз күні сағат 12:00-де басталады. Көрермендер алдында өңірдің шығармашылық ұжымдары және қазақстандық өнерпаздар Нұрлан Өнербаев, «Жігіттер» тобы мен Маржан Арапбаева өнер көрсетеді.

Сонымен қатар 21 наурыз күні сағат 14:00-де С. Сейфуллин атындағы Қазақ драма театрында дәстүрлі облыстық айтыс өтеді.

Жеке бағыттардың бірі Wow! Наурыз жобасы болмақ. Бұл – шығармашылық және отбасылық белсенділіктерге арналған интерактивті алаң.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев мерекелік іс-шараларды дайындау кезінде қауіпсіздік, санитарлық талаптар мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударуды тапсырды.

– Адамдар көп жиналатын орындарда, әсіресе балалар үшін, өңір тұрғындары мен қонақтарына қауіпсіз жағдай жасау қажет, – деп атап өтті өңір басшысы.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1181946?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version