Қазақстан су қоймаларында тасқын суды қабылдауға шамамен 15 млрд текше метр бос сыйымдылық бар

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров Қазақстандағы су тасқыны кезеңінің тұрақты өтуін қамтамасыз ету шаралары жайлы баяндады.

Бүгінде елдің солтүстік, орталық, батыс және шығыс өңірлеріндегі су қоймаларында бос сыйымдылықты қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ал оңтүстік өңірлердегі су қоймалары су жинау режимінде жұмыс істеп жатыр.

Қазіргі таңда Қазақстанның солтүстігіндегі ірі су қоймалары орта есеппен 67%-ға толған. Орталық өңірлерде де бұл көрсеткіш 67%-ды құрайды. Батыс өңірлерде – 57%, ал шығыс өңірлерде – 82%. Бүгінде еліміздегі ірі су қоймаларындағы жалпы бос сыйымдылық шамамен 15 млрд текше метрді құрайды. Ал олардың жалпы сыйымдылығы 57,3 млрд текше метрге тең.

Су тасқыны кезінде су көлемінің артуына байланысты өзен арналарын дайындау үшін 2025-2027 жылдарға арналған өзендердің су тасқыны қауіпті учаскелерін санациялау жол картасы әзірленді. Әкімдіктердің атқарған жұмыстарының нәтижесінде биыл су тасқыны кезеңіне 166,98 км өзен арналары дайындалды. Биыл 6 облыста жалпы ұзындығы 192,55 км учаскелерде қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі деп жоспарланып отыр.

Былтырдан бері Су ресурстары және ирригация министрлігі Есіл, Нұра, Жайық, Сырдария, Шу, Талас, Тобыл және Ертіс өзендері бассейндеріндегі су ағынын болжауға арналған TALSIM-NG гидрологиялық моделін бейімдеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Қазіргі уақытта «Қазгидромет» РМК-ның 98 гидробекеті бойынша қысқа және ұзақ мерзімді болжам нәтижелері Tasqyn ақпараттық жүйесіне жіберіледі.

Сонымен қатар көршілес мемлекеттермен жұмыс жүргізіліп жатыр. 17-19 ақпан аралығында Астанада Қазақстан мен Ресейдің бірлескен комиссиясының төртінші отырысы өтті. Жиын барысында су қоймаларын тасқын және су тасу кезеңін қауіпсіз өткізу үшін су қоймаларының жұмыс режимдеріне қатысты ұсыныстар әзірленді. 

«Тасқын кезеңіне дайындық аясында Су ресурстары және ирригация министрлігінің бассейндік су инспекциялары Төтенше жағдайлар департаменттері, жергілікті атқарушы органдар және «Қазсушар» РМК өкілдерімен бірлесіп гидротехникалық нысандарды тексерді. Тексеру нәтижелері бойынша бассейндік су инспекциялары тасқын суды қауіпсіз өткізуге арналған шараларды, соның ішінде объектілерді реконструкциялау мен жөндеуді жүргізу бойынша ұсыныстар берді. Берілген ұсыныстарға сәйкес 47 гидротехникалық құрылысжайларда жөндеу жұмыстары жүргізілді», – деді Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров.

Су тасқыны кезеңіне дайындық аясында Түркістан облысындағы Қапшағай су қоймасы мен Батыс Қазақстан облысындағы Киров су қоймасы, Абай облысындағы Шар су қоймасы, Жетісу облысындағы Қызылағаш су қоймасы, Қостанай облысындағы Албарбөгет бөгеті реконструкцияланды.

Қазіргі уақытта 7 су қоймасын реконструкциялау жобасы әзірленді. Сонымен қатар 7 облыстағы 11 су қоймасын реконструкциялау жобаларын әзірлеу жалғасып жатыр. Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Азия даму банкі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында Ақмола облысында Есіл контрреттегішін салу жоспарланып отыр.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/water/press/news/details/1184249?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version