Қостанай облыстық қуыршақ театрында Наурыз мейрамына орай «Думанды той – Наурыз» атты мерекелік қойылым ұйымдастырылды. Іс-шара 14 наурыз күні өтіп, кішкентай көрермендерге ерекше мерекелік көңіл күй сыйлады.
Мереке аясында қазақ халық ертегілерінің желісімен сахналанған «Алдар көсенің оқиғалары» спектаклі көрермен назарына ұсынылды.
Қазақ фольклорындағы ең танымал кейіпкерлердің бірі Алдар көсе туралы қызықты оқиғалар арқылы жас көрермендер халық даналығымен, ұлттық салт-дәстүрлермен және қазақ халқының тұрмыс-тіршілігімен танысты. Музыкамен әрленген жарқын сахналық көріністер тапқырлық, адалдық, мейірімділік сияқты ізгі қасиеттерді дәріптеді.
Спектакльден кейін балаларға арналған танымдық-ойын бағдарламасы өтті. Кішкентай қонақтар Наурыз мерекесіне қатысты қызықты ойындарға қатысып, жұмбақтар шешіп, дәстүрлер туралы сұрақтарға жауап берді. Сонымен қатар «Қара жорға» би флешмобы ұйымдастырылып, мерекелік көңіл күйді арттыра түсті.
Бағдарламаның шарықтау шегі – Наурыздың символы Қыдыр атаның сахнаға шығып, көрермендерге ақ батасын беруі болды. Сондай-ақ сахнада Көктемнің ертегілік бейнесі көрініс тапты.
45 минутқа созылған мерекелік қойылым облыс орталығында Наурыз мейрамына орай ұйымдастырылып жатқан мәдени іс-шаралар легінің бір бөлігі болды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/digital-nauryz/press/news/details/1181860?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау