Рухани мұра – жас ұрпаққа өнеге

Жарияланды:

Автор:

категорияда

 

Тараз қаласында қалалық Серік Томанов оқулары аясында тағылымы мол, мазмұнды әдеби шара өтті. Бұл кеш қазақ поэзиясында өзіндік орны бар Ақжал ақынның 70 жылдық мерейтойына арналды. Шара №62 орта мектептің ұйымдастыруымен өткізіліп, жас буынның рухани дамуына серпін беретін маңызды басқосу болды.

Аталған байқауға қаламыздағы білім ошақтарынан 8–10 сынып оқушылары қатысып, барлығы 25 үміткер өз бақтарын сынады. Жас қатысушылардың әрқайсысы сахнада өз өнерін көрсетіп, ақын шығармашылығына деген құрметін ерекше ықыласпен жеткізе білді. Бұл байқау тек өнер сайысы ғана емес, сонымен қатар жас ұрпақтың әдебиетке деген қызығушылығын арттыруға бағытталған тәрбиелік мәні зор шара болды.

Байқау екі кезең бойынша ұйымдастырылды. Бірінші кезеңде қатысушылар ақынның шығармашылық мұрасынан өздеріне ұнаған туындыларды жатқа мәнерлеп оқыды. Оқушылардың дауыс ырғағы, сахна мәдениеті, шығарманы түсінуі мен жеткізу шеберлігі қазылар алқасы тарапынан жоғары бағаланды. Екінші кезеңде жас талапкерлер ақынға арнап өз жүректерінен шыққан жыр жолдарын оқып, шығармашылық қабілеттерін паш етті. Бұл кезеңде оқушылардың ой тереңдігі, тіл байлығы мен көркемдік ерекшеліктері анық байқалды.

Қазылар алқасының әділ шешімімен “Көркемсөз шебері” номинациясы бойынша бас жүлдені №49 мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушысы Әнел Ордабай иеленді. Ол өз өнерімен көпшілікті тәнті етіп, көркемсөз оқу шеберлігінің жоғары деңгейін көрсетті. Ал “Жас ақын” номинациясы бойынша І орын №33 орта мектебінің 8-сынып оқушысы Ерсұлтан Әзімханға бұйырды. Оның авторлық жырлары мазмұндылығымен және шынайылығымен ерекшеленді.

Іс-шара барысында қатысушыларға қолдау білдіріп келген ұстаздар мен көрермендер де ерекше әсер алып, жастардың өнеріне жоғары баға берді. Мұндай әдеби кештер жас буынның шығармашылық әлеуетін дамытуға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және қазақ әдебиетіне деген сүйіспеншілікті арттыруға үлкен үлес қосатыны сөзсіз.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-talas/press/news/details/1183776?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version