Наурызнама онкүндігі аясындағы «Шаңырақ» күні бүгін ерекше мазмұнды әрі тағылымды шаралармен жалғасын тапты.
Орталық алаңда қаз-қатар тігілген ақшаңқан киіз үйлер ұлттық рухты асқақтатып, мерекенің көркін қыздырды. Әр шаңырақтан қонақжайлықтың лебі есіп, көпшілікке дәстүр мен бірліктің айқын көрінісі ұсынылды.
Мерекелік шараларға аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев арнайы қатысып, көпшіліктің қатысуымен өтіп жатқан салт-дәстүр, ұлттық құндылықтарға куә болды. Ұлттық ойындарды да тамашалап, қазақтың ертеден келе жатқан Асық ату ойынына қатысты.
«Берекелі шаңырақ» атты іс-шара аясында жас отбасыларға неке қию рәсімі өтіп, олардың жаңа өміріне ақ жол тілеп, ізгі ниеттер білдірілді. Сонымен қатар, отбасы құндылықтарын дәріптеу мақсатында ұзақ жылдар бойы бірліктің үлгісін көрсетіп келе жатқан Алтын той иелері мен өнегелі отбасылар құрметке бөленді. Бұл ұрпақ сабақтастығы мен отбасы институтының маңызын айшықтай түскен тағылымды сәттердің бірі болды.
«Отбасы – ең басты құндылық» атты қойылым-концерт көрермен көңілінен шығып, ұлттық тәрбиенің терең мәнін жеткізе білді. Ән мен күй, сахналық көріністер арқылы отбасының қоғамдағы орны кеңінен насихатталды.
Береке мен бірліктің бастауы болған «Шаңырақ» күні барша жұртқа шаттық пен жылылық сыйлап, Наурыз мейрамының мән-маңызын тереңдете түсті. Бұл шаралардың барлығы Аманөткел, Қосжар, Бөген, Қаратерең, Жаңақұрылыс ауылдарының және Арал аудандық мәдениет үйі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен өтіп жатыр.
Айта кетейік, түс ауа «Бақытты отбасы – берекелі шаңырақ» атты жас отбасылардың неке қию рәсімімен қатар түрлі ойындар, басқа да салт дәстүрге негізделген тағылымды шаралар өтеді. Кешкілік шараны ұйымдастыруға атсалысып жатқан ауыл өнерпаздарының мерекелік концерті болады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-aral-aral/press/news/details/1184378?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау