«Шаңырақ» ғимаратының фойесінде ұлттық нақышта киінген оқытушы-профессорлар құрамы, университет қызметкерлері мен студенттер жиналып, көтеріңкі көңіл-күйде бір-біріне наурыз тілектерін білдірді. Ұлттық киім күнін атап өтушілерді университеттің биылғы оқу жылындағы жаңашыл жетістіктерінің бірі – G1 гуманоид роботы да құттықтады. Информатика кафедрасының оқытушылары Нұрислам Қуатбек пен Рахым Нұрдастың жетекшілігімен әзірленген бұл ақылды құрылғы жасанды интеллектіні меңгеруге арналған тиімді платформа болып табылады. Университет Басқарма мүшесі – стратегия және әлеуметтік істер жөніндегі проректор Баршағүл Исабек мерекелік құттықтау сөз сөйлеп, оқу орнында ұлттық киімді насихаттаудың маңызы мен үлесіне тоқталды. – Наурыз мерекесіне арналған іс-шаралар онкүндік аясында өз жалғасын табуда. Бұл шаралар арнайы бекітілген жоспарға сәйкес жүзеге асырылып келеді. Жалпы, университет ұлттық киімді насихаттауды және оны күнделікті өмірде қолдануды қолдайды. Осы мақсатта әр жұма күні қазақы нақышта киініп келу үрдісі қалыптасқан, – деді ол. Сондай-ақ, университет жанынан ашылған «Мұра» ұлттық шығармашылық орталығының директоры, дизайнер үйірмесінің жетекшісі Марат Ерімбетов «Ақбаян» сән театры арқылы ұлттық киім үлгілерін үлкен сахналарда таныстырып, жастарға дәріптеп жүргенін атап өтті. Көпшілікті атаулы мерекемен Шымкент қаласы жастар саясаты басқармасының басшысы Азамат Парманов та құттықтады. Іс-шара барысында көрермен назарына халықаралық деңгейдегі дизайнер, Еуразия дизайнерлер одағының мүшесі, Ресей Федерациясы Мәскеу қаласында өткен «Этно-Эрато» сән байқауының «Алтын қайшы» иегері, «Жібек жолы айшықтары» байқауының төрт дүркін бас жүлде иегері, «Алтын оймақ» бас жүлдесінің иегері, сондай-ақ Түркістан облысы дизайнерлер байқауының «Алтын қайшы» иегері Марат Ерімбетовтің «Сұлу сылқым», «Қылықты бикеш», «Ұлы дала айшықтары» атты сән топтамалары ұсынылды. Аталған топтамаларды «Ақбаян» сән театрының ару қыздары көпшілік назарына ұсынды. «Қылықты бикеш» коллекциясының бірлескен авторлары – кәсіптік оқыту және бейнелеу өнері кафедрасының студенттері Мерей Медеубек пен Нұрай Кемекбай, ал ғылыми жетекшісі – Жамила Ерназарова.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/digital-nauryz/press/news/details/1184285?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау