Үржар ауданында көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында кең көлемді тазалық күні ұйымдастырылды. Шараға 35 елді мекеннен мекеме қызметкерлері, коммуналдық сала мамандары және аудан тұрғындары белсенді қатысты.
Тазалық жұмыстары барысында барлық елді мекендердегі арықтар тазартылып, еріген қар суының кедергісіз ағуына жағдай жасалды.
Аудан аумағында «Казсушар» Абай облыстық филиалының теңгерімінде 5 су тарату торабы, 16 магистралдық канал және 2 су қоймасы бар. Тазалық шарасы барысында 15 көпір мен 159 су өткізгіш құбыр тазартылып, қалыпты жұмыс істеуге дайындалды. Қазіргі уақытта су сору үшін 21 мотопомпа әзір тұр. Ауылдық округтерде су тасқыны қаупіне қарсы уақытша бөгеттер тұрғызу үшін 5200 қап инерттік материал дайындалды.
Көктемгі су тасқыны кезеңінде тұрғындар мен елді мекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар аудан көлемінде жалғасуда.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/1184629?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау