Ұлттық құндылықтарды дәріптеген өнер додасы

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Оқушылар сарайының базасында «Дәстүрге тағзым» атты облыстық салт-дәстүрлер байқауы жоғары деңгейде өтті. Іс-шараның басты мақсаты – жас ұрпақтың қазақ халқының әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлеріне деген қызығушылығын арттырып, ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттау.

Байқауға Павлодар облысының аудандары мен қалаларынан келген мектеп командалары қатысып, өз өнерлері арқылы халқымыздың бай мұрасын сахна төрінде паш етті. Қатысушылар «Ақсүйек», «Қымызмұрындық», «Білезік тағу», «Шашбау тағу», «Кимешек кигізу», «Ерулік», «Ұйқыашар» мен «Селтеткізер», «Тұсау кесу», «Келін түсіру», «Үме» сияқты ұлттық дәстүрлерді көркем қойылымдар арқылы көрерменге ұсынды.

Әрбір команда сахналық мәдениетімен, ұлттық киім үлгілерімен және дәстүрді жеткізу шеберлігімен ерекшеленіп, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Қойылымдар барысында қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, салт-санасы мен рухани байлығы кеңінен көрініс тапты.

Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталып, марапатталды.

І орын – Павлодар ауданының Шақат жалпы орта білім беру мектебінің командасы.

ІІ орын – Ақтоғай ауданының Қараоба мектебі және Аққулы ауданы Потанин атындағы мектебінің командалары.

ІІІ орын – Павлодар қаласының №3 дарынды балаларға арналған гимназиясы, Ертіс ауданы Қарақұдық мектебі және Баянауыл ауданы М. Әуезов атындағы мектебінің командалары.

Сонымен қатар, бірқатар командалар арнайы номинациялармен марапатталды. Атап айтқанда, Ақсу қаласының Абай атындағы мектебі «Ұлттық мұра сақтаушысы», Успен ауданы Абай атындағы мектебі «Ұлттық рух», Шарбақты ауданы «Хмельницкий» мектебі «Ең әсерлі қойылым», ал Павлодар қаласының К.Бекхожин атындағы мектебі «Көркем орындаушылар» номинацияларын иеленді.

«Дәстүрге тағзым» байқауы – тек сайыс қана емес, ұрпақтар сабақтастығын жалғаған, ұлттық рухты асқақтатқан тағылымды мәдени алаңға айналды. Мұндай іс-шаралар жас буынның бойында елге, жерге, салт-дәстүрге деген құрметті қалыптастырып, ұлттық мұрамыздың мәңгілік екенін тағы бір мәрте дәлелдейді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar-edu/press/news/details/1184276?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version