Жамбыл облысында Қазақстандағы ең ірі жел электр станциясының құрылысы басталды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Мойынқұм ауданында қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясының құрылыс алаңына капсула салу рәсіміне қатысты.

Салтанатты іс-шараға «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сильван Гиоге, сондай-ақ TotalEnergies корпорациясының жаңартылатын энергия көздері бағыты бойынша вице-президенті Оливье Жуни бейнебайланыс режимінде қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Өз кезегінде аймақ басшысы Мойынқұм ауданында жүзеге асырылатын жел паркі өңірдің экономикалық әлеуетін арттырып, ел энергетикасының дамуына серпін беретінін атап өтті.

– Жаңартылатын энергия көздерін дамыту – мемлекет саясатының стратегиялық бағыттарының бірі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жасыл энергетиканың үлесін арттыруға ерекше мән беріп келеді. Табиғи әлеуеті жоғары Мойынқұм өңірі енді еліміздің энергетикалық дамуында маңызды орын алатын алаңға айналмақ, – деді Ербол Қарашөкеев.

Жобаны «Ақтас Энерджи» ЖШС жүзеге асыруда. Қуаттылығы – 1 ГВт, инвестиция көлемі – 620 млрд теңге. Сонымен қатар қуаты 300 МВт / 600 МВт·сағ болатын энергия жинақтау жүйесі қарастырылған. Жоба серіктестері қатарында TotalEnergies (Франция), «ҚазМұнайГаз» және Samruk Energy бар.

ЖЭС іске қосылғаннан кейін жылына шамамен 4 млрд кВт·сағ электр энергиясы өндіріліп, көмірқышқыл газының көлемі 3,2 млн тоннаға дейін азаяды деп күтілуде.

Құрылыс кезеңінде 2 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылып, пайдалануға берілген соң 200 тұрақты жұмыс орны ашылады. Жобаны толық іске қосу 2028 жылдың аяғында жоспарланған.

Геологиялық, топографиялық және экологиялық зерттеу аумағы шамамен 30 мың гектарды қамтиды.

Айта кетейік, Жамбыл облысы жаңартылатын энергия көздерін пайдалану бойынша республика өңірлері арасында көш бастап келеді.

Бүгінде жалпы қуаты 571,3 МВт болатын 22 жаңартылатын энергия нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде: – 6 су электр станциясы (24,4 МВт), – 10 жел электр станциясы (275,65 МВт), – 6 күн электр станциясы (271,25 МВт).

2025 жылы облыста 5 818,9 млн кВт·сағ электр энергиясы өндірілсе, оның 1 479,0 млн кВт·сағ-ы жаңартылатын энергия көздеріне тиесілі.

2028 жылға қарай өңірде жаңартылатын энергия көздерінің қуаты 2,5 ГВт-қа жетіп, нысандар саны 24-ке дейін ұлғаймақ.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl/press/news/details/1184636?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version