Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының нормаларын іске асыру мәселесі талқыланған Үкімет отырысы өтті. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысты.
Үкімет отырысынан кейін аймақ басшысы жауапты сала басшыларына тапсырма беріп, алдағы міндеттерді айқындады.
«Биыл – еліміз үшін, өңіріміз үшін айрықша мәні бар, тарихи маңызды жыл. Халқымыз ұлт жылнамасындағы жаңа кезеңге қадам басты. Қоғамда жан-жақты талқыланған жаңа Конституцияның жобасына арналған республикалық референдумға Сыр жұртшылығы белсенді қатысты. Ауызбіршіліктің жоғары үлгісін көрсетіп, 92,89 пайыз көрсеткішпен республикада бірінші орынға шықты. Президентіміздің Әділетті, Қуатты әрі Таза Қазақстанды құру жолында Сыр халқы бірлігі бекем екенін тағы да айқын дәлелдеді.
Халық Конституциясы 1 шілдеден бастап ресми түрде өз күшіне енеді. Конституция күнін мемлекеттік мереке ретінде ұлттық деңгейде жыл сайын 15 наурызда атап өтетін боламыз.
Алдағы күндері Парламент қарауына Президент, Құрылтай, Халық Кеңесі, Астананың мәртебесі және еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы жаңа бес конституциялық заң енгізіледі. Тағы сегіз конституциялық заң мен 60-тан астам заңға, соның ішінде негізгі кодекстерге түзетулер енеді.
Бүгінгі Үкімет отырысында министрлер өз салалары бойынша Конституция нормаларын іске асыру бағыттарын баяндады. Облыстық басқарма басшылары, қала, аудан әкімдері, аумақтық департамент басшылары, салалық министрліктермен бірлесіп жұмыс жасап, тиісті нормативтік құжаттарды, жоспарларды алдырыңыздар.
Қоғамдық даму басқармасы, Президентіміз қол қойған Халық Конституциясы мен Ата заңымызды іске асыру жөніндегі шаралар туралы Жарлықты халық арасында ақпараттандыру, кеңінен насихаттауда арнайы жұмыс жоспарын әзірлеңіздер. Жаңа Конституциямыздың әр нормасы, әр тармағы Тәуелсіздігімізді нығайта түсетінін, ұлтымыздың берік әрі мызғымас тұғырына айналатынын кеңінен насихаттауымыз қажет.
Облыс әкімінің орынбасарлары, өз салаларыңыз бойынша Конституцияның нормаларын іске асыруды бақылауға алып, жұмысты ұйымдастырыңыздар», – деді Н.Нәлібаев.
Жиында аймақ басшысы жаңғырудың жаңа кезеңіндегі референдумға белсенді қатысқан барша сырбойылықтарға шынайы алғысы мен зор ризашылығын білдірді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1183968?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау