Ақтөбеде «Наурызнама» онкүндігінің Ұлттық киім күні аясында өткен «Ұлттық киім – ұлт айнасы» байқауы өңірлік ауқымдағы ірі мәдени шараға айналды. Ерекшелігі – жобаға облыстың 12 ауданынан қатысушылар жиналып, бір алаңда ұлттық сән мен дәстүр тоғысты.
Шара «Қазақ халқына мың алғыс» стеласы алаңында өтті. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, байқауға Ақтөбе қаласымен қатар Қобда, Алға, Шалқар, Байғанин, Ойыл, Темір, Мұғалжар, Қарғалы, Әйтеке би аудандары және Ембі қаласынан келген үміткерлер қатысты.
Қатысушылар ұлттық киімдерді сахналық дефиле форматында ұсынып, этно-музыка сүйемелдеуімен түрлі ұлттық нақыштағы киім үлгілерін көпшілікке таныстырды. Көрсетілім барысында заманауи этно-стильдегі жаңа бағыттар да байқалды.
Байқауға жеке қатысушылар, шығармашылық ұжымдар және отбасылар қатысып, бірнеше номинация бойынша бақ сынады. Қазылар алқасы ұлттық нақыштың сақталуы, киімнің көркемдік деңгейі, образдың тұтастығы мен сахналық мәдениетіне басымдық беріп, бағалады.
Нәтижесінде «Ең сәнді ұлттық киім», «Үздік этно-образ», «Көрермен көзайымы», «Наурыз аруы – 2026», «Наурыз мырзасы – 2026» және басқа да аталымдардың жеңімпаздары анықталды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай форматтағы шаралар өңірлер арасындағы мәдени байланысты нығайтып қана қоймай, ұлттық өнердің заманауи бағытта дамуына мүмкіндік береді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-alga-beskospa/press/news/details/1184922?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау