Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік комиссия мен облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі комиссияның бірлескен отырысында жемқорлықпен күрес және халықтың қауіпсіздігін арттыру мәселелері талқыланды.
Отырыс облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өтті. Жиынға облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары, қала және аудан әкімдері қатысты.
Күн тәртібінде құрылыс саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыс, әлеуметтік тапсырыстарды іске асыру, төтенше жағдайлар департаментінің қызметі және ауылдық өрт сөндіру бекеттерін дамыту мәселелері қаралды.
Отырыс барысында құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Аслан Жарасбаев құрылыс саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдері мен оларды жою шаралары туралы баяндады. Оның ішінде мердігерлердің кепілдік мерзіміне қойылатын талаптарды күшейту және бюджет қаражатын үнемдеу мақсатында типтік жобаларды қолдану мәселелері атап өтілді. Ішкі саясат басқармасының басшысы Әлібек Байнешов сыбайлас жемқорлыққа қарсы жобалардың іске асырылуы мен халық арасында жүргізіліп жатқан түсіндіру жұмыстары туралы баяндады. Мемлекеттік қызмет істері департаменті басшысының орынбасары Рафхат Бисенов декларация тапсыруды бақылауды күшейту және комплаенс-қызметтердің жұмысын жандандыру қажеттігіне тоқталды.
Төтенше жағдайлар департаментінің бастығының бірінші орынбасары Айбат Жанабергенов облыстағы өрт сөндіру бекеттерінің жай-күйі туралы баяндады. «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында 2025 жылы 5 өрт сөндіру бекеті ашылып, біреуі қайта жаңғыртылды, 32 қызметкер жұмысқа қабылданды. Нәтижесінде 15 елді мекеннің қауіпсіздігі қамтамасыз етілді. 2026 жылы 9 ауданда тағы 30 өрт сөндіру бекетін ашу жоспарланып отыр. Бұл 63 мыңнан астам халқы бар 56 ауылды қамтуға мүмкіндік береді.
Отырыс қорытындысы бойынша облыс әкімі Асхат Шахаров бірқатар нақты тапсырма берді: сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау үшін ішкі талдау жұмыстарын күшейту, комплаенс-қызметтер мен әдеп жөніндегі уәкілдердің жұмысын жандандыру, «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында өрт сөндіру бекеттерін уақтылы ашуды қамтамасыз ету, сондай-ақ өрт сөндіру пункттерінің материалдық-техникалық базасын нығайту.
«Мемлекеттік органдар мен ұйымдардың барлық саласында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жұмыстары жалғасады. Әсіресе құрылыс саласына, тұрғын үйді бөлуге, мемлекеттік сатып алуларға және әлеуметтік жобалардың орындалуына бақылау күшейтіледі. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау және жою шаралары қатаң әрі ашық түрде жүзеге асырылуы тиіс, ал комплаенс-қызметтердің жұмысы тиімді әрі жүйелі болуы қажет», – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ Асхат Шахаров «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында өрт сөндіру бекеттерінің материалдық-техникалық базасы нығайтылып жатқанын алға тартты. Бұл өңірдің жалпы қауіпсіздігін арттырып, өрттердің алдын алуға және оларды дер кезінде жоюға мүмкіндік береді.
«Біздің басты міндетіміз – облыстың әрбір тұрғынының қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Өрт сөндіру бекеттерінің материалдық-техникалық базасын күшейту жедел әрекет етуге жағдай жасап қана қоймай, адамдардың өмірі мен мүлкіне төнетін қауіп-қатерді азайтады. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады. Әрбір елді мекен төтенше жағдайлар кезінде сенімді қорғанысқа ие болуы тиіс», – деп түйіндеді облыс әкімі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1184911?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау