Талдықорған қаласында есірткі жарнамасын таратумен айналысқан 36 жастағы ер адамға қатысты іс ашық сотта қаралып, оған 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
2025 жылдың қараша айында полиция қызметкерлері 36 жастағы жергілікті тұрғынның заңсыз әрекетін әшкереледі. Ол көпқабатты тұрғын үйдің кіреберісінде есірткіге қатысты жазу қалдырмақ болған сәтте ұсталды. Жеке тінту барысында одан аэрозольді баллон және кураторлармен байланыс орнатқан телефон табылды.
Тергеу барысында оның Талдықорған қаласы мен Ескелді ауданынсот есірткі және психотроптық заттардың заңсыз жарнамасын таратқаны анықталды. Әрбір жазу үшін ол шамамен 1000 теңге алған.
Сот отырысында айыпталушы өз кінәсін толық мойындады. Соңғы сөзінде ол жастарға арнап үндеу жасап, жеңіл жолмен табыс табудың салдары ауыр болатынын ескертті.
— Менің қателігімді қайталамаңыздар. Жеңіл ақша болмайды. Өздеріңізді және өмірлеріңізді қорғаңыздар, — деді ол.
Полиция өкілдерінің мәліметінше, есірткі қылмысына қарсы күрес — тек құқық қорғау органдарының емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі.
Ведомствоның атап өтуінше, әрбір әшкереленген дерек — тек ашылған қылмыс емес, сонымен қатар жаңа азаматтардың, әсіресе жастардың заңсыз әрекеттерге тартылуының алдын алу. Себебі жеңіл табыс деп ұсынылатын мұндай әрекеттердің артында нақты қылмыстық жауапкершілік пен адам тағдыры тұрғанын естен шығармаған жөн.
Қала қауіпсіздігі — әрбір тұрғынның бейжай қарамауына тікелей байланысты. Кез келген дер кезінде берілген ақпарат немесе ескерту қылмыстың алдын алып, біреудің өмірін сақтап қалуы мүмкін.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1185313?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау