Астана қаласы Полиция департаментінің Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкері Халықаралық Олимпиада комитетінің спортшы-стипендиаттары қатарына енді.
Полиция лейтенанты,ЖҚАЖ инспекторы Сағындық Тоғамбай – бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия чемпионы және Азия ойындарының жүлдегері. Ішкі істер органдарында 2024 жылдан бері қызмет атқарады.
Сағындықты үлкен спортқа әкесі алып келген – ол спортшының қалыптасу жолындағы бастамашы әрі басты қолдаушысы болды. Ол бокспен 8 жасынан бері айналысып келеді және 17 жылдан бері таңдаған ісіне адал.
Сағындық бала кезінен полиция қызметкері болуды армандаған, бүгінде ол өзін ең талапшыл бөлімшелердің бірінде жүзеге асырып жүр. Оның айтуынша, арнайы бөлімшедегі қызмет ерекше дайындықты және жоғары адреналин жағдайында жұмыс істеуге дайын болуды талап етеді.
«Егер өз ісіңді шын сүйсең, қызмет пен спортты қатар алып жүру қиын емес. Қызметте де, спортта да тәртіп пен режим бәрінен жоғары. Біз бәріміз Отанымыздың өркендеуін қалаймыз және оған өз жетістіктеріміз бен адал қызметіміз арқылы жетуіміз керек», – дейді ол.
Қазіргі таңда белсенді спорттық мансабына байланысты қызметкер уақытының басым бөлігін оқу-жаттығу жиындары мен жарыстарда өткізуде. Соған қарамастан, ол саптан шықпай, ішкі істер органдарының абыройын халықаралық аренада лайықты қорғап жүр.
Тығыз жұмыс кестесіне қарамастан, ол алдына биік мақсаттар қойып отыр – барлық мүмкін болатын жарыстарда жеңіске жету.
Елорда полициясында мұндай қызметкерлер мақсатқа ұмтылудың, рух күшінің және қызметке адалдықтың үлгісі екенін атап өтеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-astana/press/news/details/1185253?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау