Найроби, 2026 жылғы 18 наурыз – ҚР Кения Республикасындағы Елшісі, ҚР Найробидегі БҰҰ бөлімшесі жанындағы Тұрақты өкілі Барлыбай Садықов Кения Республикасының Сыртқы істер және диаспора министрлігінің басшылығы, соның ішінде Саяси мәселелер жөніндегі Бас директор Джосфат Майкара, Президент Кеңсесі және Сыртқы істер министрлігі Протоколының басшысы Северин Люяли, сондай-ақ Еуропа және Достастық елдер, Экономикалық істер және коммерциялық дипломатия, Құқықтық істер, Көпжақты ынтымақтастық департаменттерінің қызметкерлерімен кездесті.
Кездесу барысында қазақстандық дипломат кениялық тарапты 2026 жылғы 15 наурызда орын алған жалпыұлттық референдум аясындағы конституциялық өзгерістердің нәтижесінде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданғаны туралы хабардар етіп, жаңа конституция Қазақстанның саяси жүйесін одан әрі жаңғыртуды және мемлекеттік басқарудың тиімдірек және теңгерімді моделін қалыптастыруды көздейтіні, әлеуметтік-саяси тұрақтылықты нығайтуға және тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз етуге ықпал ететінін мәлімдеді.
Тараптар екіжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді, саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты дамыту жоспарларын, жоғары және ең жоғары деңгейдегі алдағы сапарларды, екіжақты шарттық-құқықтық базаны қалыптастыру мәселелерін талқылады.
Сонымен қатар, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмаслыып, көпжақты құрылымдар аясында тығыз ынтымақтастыққа дайындығы расталды.
Екіжақты өзара іс-қимылдың барлық спектрі бойынша, соның ішінде сауда және инвестициялық даму, транзиттік және көлік бағыттары, оның ішінде Кения порттарын пайдалану мәселесі, ақпараттық және қаржылық технологиялар, ғарыш, тау-кен өндірісі, медицина, спорт, ауыл шаруашылығы, туризм, ғылыми және мәдени алмасулар салаларындағы ынтымақтастықты нығайту бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді.
Кения Сыртқы істер министрлігі және диаспора істері жөніндегі Бас директоры Д.Майкара Қазақстан мен Кения арасындағы жылы қарым-қатынасты атап, Қазақстанның елеулі дамуын жоғары бағалап, Найробидің Астанамен екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуіне және оны одан әрі дамытуға деген терең қызығушылығына назар аударды.
Сонымен қатар, Д.Майқара Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы бойынша референдумның сәтті өтуімен құттықтап, ел Президенті Қ.Тоқаевтың басшылығымен жүргізіліп жатқан ауқымды реформалар халықтың сеніміне ие екенін атады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара қызуғышылық танытатын мәселелер бойынша іс-қимылды жалғастыруға келісіп, ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі бірлескен шараларды, соның ішінде сауда және инвестиция, көлік, ақпараттық технологиялар және туризм салалары бойынша Қазақстан мен Кения арасындағы сарапшылар тобының шеңберіндегі жұмысты жандандыруға келісті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-nairobi/press/news/details/1185119?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау