Ертең Семейдегі Абай атындағы театрда облыс әкімдігінің қолдауымен және «Amanat» партиясы мен Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының ұйымдастыруымен «Жайық келіп, Ертіске қосылғанда» атты Абай облысы мен Батыс Қазақстан облысы арасында республикалық командалық айтыс өтеді. Ерекше атап өтерлігі, бұл дүбірлі дода Абай облысынан басталғалы отыр.
Сөз сайысында Әсем Ережеқызы, Нұржан Өмірбай, Айбек Жеңісқазин, Қуандық Кенжебекұлы өнер көрсетеді. Сонымен қатар ұлттық өнердің ән, күй, жыр, терме жанрлары бойынша Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Клара Төленбаева, дәстүрлі әнші Қайрат Қабышев, Диас Мұратхан, күйші Дарын Құдайбергенов сынды жерлестеріміз облыс намысын қорғайтын болады.
Бүгін облыс әкімі Берік Уәли командалық айтысқа қатысатын ақындармен және өнерпаздармен кездесіп, сәттілік тіледі. Наурызнама онкүндігі аясындағы ұлттық киім күніне орай шапан жауып, құрмет көрсетті.
«Ұлыстың ұлы күні – Әз – Наурыз мерекесі қарсаңында, Оразаның соңғы күндерінде сіздермен жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Ертеңгі додада сіздер әр бағыт бойынша – сүре, түре, қыз-жігіт, қайым, жыр, терме, дәстүрлі ән және күй бағыттарында өз өнерлеріңізді паш етіп, тұңғыштар мекені – Абай облысының мерейін асқақтатасыздар деп сенемін. Бүгін Наурызнама онкүндігі аясында ұлттық киім күні, сол себепті мен өз атымнан сіздерге дәстүрге сай шапан жауып, құрмет көрсетуді жөн көрдім. Бұл – тек сыйлық емес, Абай облысының намысын, абыройын қорғауға деген сенімнің символы. Командалық айтыста сәттілік тілеймін», – деді аймақ басшысы.
Облыс әкімі кездесуде өңірдің мәдениет саласында атқарылған жұмыстар туралы айтты.
Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сай тұңғыш рет 10 күндік ретінде аталып өткен Абайдың 180 жылдығы аясында түрлі мәдени-рухани, танымдық, интеллектуалдық іс-шаралар ұйымдастырылды. Сондай-ақ, облыс әкімінің қолдауымен «Абай жолы» кітапханасы жобасы аясында Семей өңірінен шыққан ақын-жазушылардың, өнер адамдарының 19 автордың 25 кітабы жарық көрді. Өңірдегі 8 мәдени нысанда ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, 100 орындық 2 ауылдық клуб ашылды.
Абай атындағы театр ұжымы былтыр Талдықорған қаласында өткен халықаралық «Biken Fest – III» фестивалінде «Абай айтқан Еңлік – Кебек» спектаклімен Гран-при иеленді. «Дариға-ай» жастар театры Жезқазғандағы халықаралық Ж.Хаджиев атындағы театр фестивалінде «Өз отыңды өшірме» спектаклімен Гран-при жеңіп алды. Жыл басында ақын Төлеген Жанғалиев мемлекеттік стипендияға ие болды, айтыскер Әсем Ережеқызы «Айбоз» сыйлығымен марапатталды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/1184656?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау