Өскеменде жас музыканттар ерекше перформанс өткізді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Оқушылар музыкалық аспаптарды шебер меңгергендерін көрсетіп, көрермендердің зор қошеметіне ие болды.

ТРЦ Maxi Mall сауда орталығында қонақтарды домбыраның әуені мен мерекелік көңіл-күй қарсы алды.

Өскеменде мұндай ауқымды музыкалық шоу алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Бір мезетте 370 оқушы домбырада үйлесімді ойнап, өз өнерлерін паш етті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, топпен өнер көрсетуге ниет білдірушілер бұдан да көп болған, алайда зал барлық қатысушыларды сыйдыра алмаған.

Оқушылар бұл шараға зор ықыласпен қатысты. Барлығы да домбыра үйірмелері мен музыкалық мектептерде білім алады. Осындай үлкен құрамда белгілі күйлер алғаш рет орындалғанымен, бәрі жоғары деңгейде өтті. Ең бастысы – көрермендердің көңілінен шықты, – деді ШҚО білім басқармасының әдіскері Айгер Амабаева.

Жасы 10-ға да толмаған жас күйшілер «Тепеңкөк», Н.Тілендиевтің «Әлқисса», А.Желдібаевтың «Ерке сылқым», Д.Шығайұлының «Кероғлы», Байжігіттің «Көксерке» күйлерін орындады. Сауда орталығына келушілер күтпеген сыйды ерекше ықыласпен қабылдап, әрбір нөмірді ду қол шапалақпен қарсы алды.

Шынын айтсақ, біз арнайы дайындық жүргізген жоқпыз. Балалардың дайындығы өте жақсы. Жарты сағат ішінде тек дыбысқа сынама жасадық. Ғимараттың үлкендігіне байланысты әуен жоғалып кетеді ме деп алаңдаған едік. Бірақ бәрі өте жоғары деңгейде өтті, – деп бөлісті музыка пәнінің мұғалімі Талғат Әбішев.

Жарты сағатқа созылған жанды музыка ешкімді бейжай қалдырмады. Келушілер жас таланттардың жанында суретке түсіп, естелікке селфи жасады.

Менің немерем осында өнер көрсетті. Оны қолдауға келдім. Ол екі жылдан бері домбыра үйірмесіне қатысады. Балаға өте ұнайды, ұстаздары да жетістіктерін айтып жүр. Бүгінгі шара маған қатты ұнады. Балалар өте талантты. Әуен керемет болды, тіпті бірге қосылып айттым, – деді Өскемен қаласының тұрғыны Салия Ғалиева.

Жақын арада мектеп оқушылары эстафетаны кәсіби музыканттарға табыстайды. 22 наурыз күні Өскеменде 3000-нан астам домбырашы «Ақ бұлақ» күйін орындайды. Бұл – Гиннестің рекордтар кітабына енуге берілетін нақты мүмкіндік.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/digital-nauryz/press/news/details/1185258?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version