Павлодар облысы шыбын-шіркейге қарсы ауқымды науқанға дайындалуда: дезинсекция жұмыстары сәуір айында басталады және өңделетін аумақтың көлемі екі еседен астам ұлғайтылды. Өңірге 120 мың кг көлемінде «Бактицид» биопрепаратының алғашқы партиясы жеткізілді, қалған 114,3 мың кг наурыз айының соңына дейін келеді.
Биылғы жылдың басты ерекшелігі – жұмыстар ауқымының едәуір ұлғаюы. Ғылыми топтың ұсынымдарын ескере отырып, 172 мың га жайылма алқабына әуеден өңдеу жүргізу жоспарланған, өзендерді өңдеу көлемі 52%-ға ұлғайтылып, өңірдің солтүстік аудандарында биологиялық өңдеуді күшейтуге басымдық беріледі.
Жұмыстар Павлодар және Ақсу қалаларының ауылдық аймақтарында, сондай-ақ Ақтоғай, Ертіс, Железин, Павлодар және Тереңкөл аудандарында ұйымдастырылады. Жалпы шағын авиацияның 448 рет ұшуы жоспарланған, оның ішінде 310 рет биологиялық және 138 рет химиялық препараттарды қолдану көзделуде.
Өзен арқылы өңдеу де айтарлықтай күшейтілді: ол үш кезеңде жүргізіліп, 3200 км астам Ертіс өзені мен оның арналарын қамтиды. Жұмыстар баржалар арқылы (кемінде 1800 км), сондай-ақ жекелеген учаскелерде қайықтарды пайдалану арқылы (кемінде 1400 км) жүргізіледі.
Тосқауылдық өңдеу жұмыстары 67 елді мекенде жоспарланған, оның ішінде Павлодар жағалауы да бар: теміржол көпірінен Усолка бөгетіне және «Ертіс» шаңғы базасына дейін.
Жұмыс көлемінің артуы қолданылатын биопрепараттар мөлшерін де ұлғайтуды талап етті. Биылғы жылы қолданылатын препараттардың жалпы көлемі 234,3 мың кг құрайды. Әуеден өңдеуге 97,2 мың кг, ал өзен арқылы өңдеуге шамамен 137,1 мың кг биопрепарат пайдалану жоспарланған. Барлық препараттар көп компонентті, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз, шыбын-шіркейде төзімділік тудырмайды және адамдарға, жануарларға зиян келтірмейді.
Сонымен қатар 13,9 мың литр химиялық препараттар да қолданылады. Олар сәуір айының алғашқы онкүндігінде жеткізіледі. Оның 8,2 мың литрі әуеден өңдеуге, ал 5,7 мың литрі тосқауылдық өңдеуге арналған.
Жеткізілген партияны тексергеннен кейін облыс әкімі препараттарды сақтау мен барлық жұмыс кезеңдерін үйлестіруді қатаң бақылауға алуды тапсырды.
– Негізгі міндет – атқарылған жұмыстардың көлемі емес, облыс тұрғындары үшін нақты нәтиже, – деді Асайын Байханов.
Өңір билігі жауапкершілік шарасын да белгіледі: егер талап етілген тиімділік деңгейіне (80%-ға дейін) қол жеткізілмеген жағдайда, мердігерге төлем толық көлемде жүргізілмейді.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar/press/news/details/1184772?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау