ШҚО-да спорт саласы жаңа деңгейге көтерілуде

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Шығыс Қазақстан — нағыз спорттың отаны. Мұнда тек хоккей ғана емес, футбол, жекпе-жек, тіпті қысқы спорт түрлері де жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Өткен жылдың қорытындысы мен алдағы жоспарларға қарасақ, өңірде үлкен өзгерістер бары байқалады.

Қазір облыс бойынша 1600-ден астам спорт нысаны бар. Құрылыс жұмыстары да тоқтамады. Катонқарағай, Үлкен Нарын, Марқакөл сынды шалғай ауылдарда 6 бірдей спорт кешені салынып жатыр. Бұл — ауыл баласының болашақта чемпион болув үшін жасалған нақты қадам.

Ал Өскеменде салынып жатқан волейбол орталығы (құны 4,3 млрд теңге) мен Риддердегі жаңа кешенде алдағы уақытта көптеген турнир өткізілмек. Былтыр ашылған тау шаңғы базасы мен 19 футбол алаңы қазірдің өзінде жастардың сүйікті орнына айналып үлгерді.

Футбол жанкүйерлері үшін бұл — жылдың басты жаңалығы. Біздің жігіттер Бірінші лигада қола алып, Премьер-лигаға жолдама алды. Енді сәуір айына дейін «Восток» стадионында қызу дайындық жүріп жатыр. VAR жүйесі, жаңа газон мен жарықшамдар орнатылуда. 10 сәуірде стадион ауқымды футбол матчын өткізуге дайын болады.

Былтыр жерлестеріміз түрлі жарыстарда 5700 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 2 мыңға жуығы — алтын! Файна Мейрманова Токиода Сурдлимпиада рекордын орнатып, алтын алса, Анастасия Городко фристайлдан әлемді бағындырды. Батырхан Төлеуғали таэквондодан Найробиде қарсыластарын ойсырата жеңіп, әлем чемпионы атанды.

Бүгінде облыста 4 мыңнан астам бала тегін үйірмелерге қатысып жүр. Ол үшін бюджеттен 1 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді. Бұл — болашақ чемпиондардың алғашқы баспалдағы.

Ал 2026 жыл — Шығыс спортшылары үшін үлкен сынақ жылы. Алда Италиядағы Қысқы Олимпиада, Қырғызстандағы Көшпенділер ойындары және Жапониядағы Азия ойындары күтіп тұр. Біздің спортшылар бұл сындардан да мүдірмей өтетініне сеніміміз мол.

Дереккөз: ШҚО ӨКҚ

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1185079?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version