Наурызнаманың 10 күндігі аясында, 18 наурыз – Ұлттық киім күніне орай Талас аудандық орталық кітапханасының ұйымдастыруымен халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан асыл мұраларының бірі – сәлем салу дәстүрі сахналанып, көрермендерге ерекше әсер сыйлаған тағылымды шара өтті.
Аталған іс-шараның басты мақсаты – ұлттық салт-дәстүрлерімізді кеңінен насихаттау, оның тәрбиелік мәнін жас ұрпаққа түсіндіру, сондай-ақ үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету сынды асыл қасиеттерді дәріптеу болды. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеген бұл кеш көрермендерге рухани азық беріп, ата-баба мұрасына деген қызығушылықты арттырды.
Сахна төрінде қойылған «сәлем салу» көрінісі арқылы қазақ келінінің инабаттылығы, ізеттілігі мен тәрбиесі көркем түрде бейнеленді. Әрбір қимыл мен ишарада терең мағына жатқан бұл дәстүрдің мәні көрермендерге әсерлі жеткізілді. Ұлттық киім киген кейіпкерлердің сахналық бейнесі шараның мазмұнын толықтырып, көркемдік деңгейін арттыра түсті.
Көрермендер ұлттық құндылықтарға негізделген бұл қойылымнан ерекше әсер алып, дәстүрге деген құрметтері мен қызығушылықтары арта түсті. Осындай тағылымды шаралар жас ұрпақтың бойында ұлттық сана мен рухты қалыптастыруда маңызды рөл атқаратыны сөзсіз.
Іс-шара соңында ұйымдастырушылар алдағы уақытта да осындай ұлттық бағыттағы іс-шараларды жалғастырып, халқымыздың бай мәдени мұрасын насихаттауға өз үлестерін қоса беретінін атап өтті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-talas/press/news/details/1184937?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау