Жамбыл облысында білім беру жүйесі қарқынды дамып келеді: негізгі көрсеткіштер мен жаңа бастамалар

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Жамбыл облысында білім беру саласын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп, бірқатар маңызды нәтижелерге қол жеткізілді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар алаңында өткен баспасөз конференциясында облыстық білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршубеков мәлімдеді., деп хабарлайды baq-orda.kz.

Бүгінде облыста мектепке дейінгі білім беру саласы толыққанды дамып келеді. Жалпы саны 619 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істеп, онда 63,6 мыңнан астам бала тәрбиеленуде. Нәтижесінде 3–6 жас аралығындағы балаларды қамту деңгейі 100 пайызға жетті. Барлық балабақшалар автоматтандырылып, ваучерлік қаржыландыру жүйесі мен Face ID енгізілуі қызметтің ашықтығын арттырды.

Орта білім беру жүйесінде 531 мектепте 245 мыңнан астам оқушы білім алуда. Оның ішінде 73 жекеменшік мектепте 18 мыңнан астам бала оқиды. Мемлекет тарапынан жеке мектептерді қолдауға 2026 жылға 12,5 млрд теңге бөлінген.

Инфрақұрылымды дамыту бағытында да нақты нәтижелер бар. 2025 жылы 14 білім нысаны пайдалануға беріліп, апатты және үш ауысымды мектеп мәселесі толық шешімін тапты. Сонымен қатар 16 мектеп күрделі жөндеуден өтіп, 41 нысанда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Мектептердің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, STEM зертханалары, робототехника және IT кабинеттері ашылды. Бұл мақсатқа 2,2 млрд теңге бөлінсе, «Қазақстан халқына» қоры арқылы қосымша 750 млн теңгеге үш мектеп жабдықталды.

Облыс педагогтері мен оқушылары да жоғары нәтижелер көрсетуде. Халықаралық және республикалық деңгейде 113 педагог жеңімпаз атанса, оқушылар 468 медаль иеленді. Сонымен қатар өңір құрамасы 16 жыл қатарынан «Ең үздік команда» атағын сақтап келеді.

Инклюзивті білім беру бағытында да оң өзгерістер байқалады. Ерекше білімді қажет ететін 10 мыңнан астам баланың 76,7 пайызы біліммен қамтылған. Мектептердің 95 пайызы инклюзивті орта қалыптастырған.

Балалардың қауіпсіздігі де басты назарда. Облыс бойынша 70 мыңға жуық оқушыны қамтыған профилактикалық жұмыстар жүргізіліп, барлық мектептерде арнайы қолдау және сенім платформалары іске қосылған.

Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде 42 колледжде 28,8 мың студент білім алуда. Олардың басым бөлігі мемлекеттік тапсырыс негізінде оқиды. Колледждердің материалдық базасын жаңартуға 671,8 млн теңге бөлінген.

Алдағы кезеңге нақты жоспарлар белгіленген. 2026 жылы 12 жаңа білім нысанын іске қосу, ауыл мен қала мектептері арасындағы алшақтықты азайту, педагогтердің біліктілігін арттыру және қосымша біліммен қамту деңгейін 95 пайызға жеткізу көзделіп отыр.

Жалпы алғанда, Жамбыл облысында білім беру жүйесін дамыту бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Өңірде білім сапасын арттыру, қолжетімділікті кеңейту және қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру негізгі басымдық болып қала береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-bayzak-myrzatai/press/news/details/1184822?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version