Бүгін Наурызнама онкүндігі аясында Жаңару күніне орай Талдықорған қаласында бұлақтың көзі ашылып, ағаш егілді. Бұл экологиялық шараларға облыс әкімі Бейбіт Исабаев, ардагерлер мен өңір жастары қатысты, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Еркін ауылдық округі аумағындағы бұлақтың көзін ашуға өңір басшымен бірге білім, инновация, мәдениет, спорт салаларында дарынымен танылған оқушылар мен студенттер келді. Атап айтқанда, «Қазақстанның Үздік шабандозы» атанған ең жас шабандоз Хамза Амангелді, WORLD SKILLS 2025 және TurkicSkills 2025 чемпионатының жеңімпазы, Талдықорған жоғары политехникалық колледжінің 3 курс студенті Зере Шәкен, Болгарияда өткен «Stars of the world» әншілер байқауының бас жүлдегері, Қ.Қасымов атындағы №28 ІТ лицей мектебінің 8 сынып оқушысы Інжу Бақбергенқызы, «AITU KazRoboDrone 3.0» дронрейсинг және авиа моделдеу республикалық байқауының жүлдегері, №22 орта мектептің 9 сынып оқушысы Дамир Ағытай аға буынның бұлақтың көзін ашу рәсіміне куә болып, ұрпақтар сабақтастығының жалғастығын көрсетті. Жиналған қауымға Бикен Римова атындағы академиялық драма театрының әртісі Сағындық Жұмаділ Наурыз батасын берді.
Облыс әкімі балалармен тілдесіп, олардың шығармашылық және спорттағы ізденістері жайлы сөйлесті. Балалардың бұдан былай да алаңсыз білім алып, өз таланттарын шыңдап, еліміздің айтулы азаматы болуларына тілектестігін білдірді.
Бұдан әрі шара орталық саябақта Бейбіт Исабаев студенттер, волонтерлер, жастар ұйымдарының өкілдерімен жүздесіп, олардың қоғам өміріне белсене қатысуының маңызды екенін жеткізді:
– Жаңа Конституция қабылданған кезде Президентіміз мемлекеттің болашақ иесі әрі тірегі, елдің ертеңі жастар екенін атап айтты. Сондықтан Қазақстанымыз бақуатты өсіп-өркендеу үшін сіздер жақсы білім алып, жасанды интеллект пен жаңа, озық технологияларды еркін меңгерулеріңіз керек. Сіздердің болашақтарыңыз өз қолдарыңызда, – деді Бейбіт Исабаев.
Мұнан соң жиналған көпшілік саябақта 100 түп қылқан жапырақты ағаш көшеттерін отырғызды.
Осы шараға арнайы келген жастар өз пікір білдірді.
– «Jetisu lastary» КММ ұйымдастыру бөлімінде жұмыс істеймін. Өзім -волонтермін. Биылғы жылдың басынан бері «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында Талдықорғандағы «Жастар» саябағында, Д. Рақышев атындағы мектеп-интернаттың маңына бірнеше түп ағаш отырғыздық. Бүгін, міне, Жаңару күніне де атсалысып жатырмыз. Биыл Халықаралық волонерлер жылы деп жарияланды. Біз, ерікті жастар, көгалдандыру, қарт адамдарға қолғабыс ету және басқа да бағыттағы жұмыстарымызды еселей түсеміз, – деді Медет Әнуарұлы.
Ағаш егуге келген студенттер де ой қосты:
– Мен Талдықорғандағы «Авиценна» колледжінің студентімін. Өзім Шымкент қаласынанмын. Жалпы Жетісудың табиғатына қатты қызығатынмын, осы өңірге оқуға түскеніме қуандым. Қазір мейіргер мамандығына оқып жатырмын. Бүгін тобымызбен ағаш егуге келдік. Бұдан басқа да санитарлық тазалық шараларына тұрақты қатысып жүрмін. Қоршаған ортаға қамқорлық мәдениетін әркім өзінен бастауы керек. Біз, жастар, өзімізден кейінгі өсіп келе жатқан балаларға бұл тұрғыда үлгі боламыз деп ойлаймын, – деді «Авиценна» колледжінің 1 курс студенті Шыңғысхан Сейсембай.
Атап өтсек, бүгін Жаңару күнінде облыс бойынша жалпы саны 3 мыңға жуық ағаш егілді.
Сондай-ақ осы күні өңір оқушылары облыс мектептерінің ауласына көшет отырғызуға қатысты.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Дмитрий Ерофеев
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/digital-nauryz/press/news/details/1185224?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау