2026 жылғы салықтық өзгерістер: тексеру мерзімдері қысқартылып, ҚҚС қайтару жеделдетілді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қазақстанда жыл басынан бері салықтық тексерудің бірыңғай форматы енгізілді, салық жүктемесі коэффициентінің көрсеткіші белгіленді, тексерулерді цифрландыру жүзеге асырылды, сондай-ақ ҚҚС-ты қайтарудың жеңілдетілген тәртібі кеңейтілді. Осы және салықтық әкімшілендірудегі өзге де жаңашылдықтар туралы ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Сейілжан Ахметов ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Сонымен қатар тексеруді тағайындау негіздерінің саны 12-ден 4-ке дейін қысқартылды, бұл бақылау рәсімдерін жеңілдетіп, жүйелеуге мүмкіндік берді. Тексерулерді жүргізу мерзімдері айтарлықтай қысқартылды. Ұзарту мерзімі бұрынғы 60 және 180 жұмыс күнінен 10 және 20 жұмыс күніне дейін азайтылды.

Процедуралық мәселелер реттелді: нұсқаманы табыстау мерзімі 3 жұмыс күні ішінде белгіленді,сондай-ақ тексеру тағайындалған кезде талап қою мерзімін ұзарту мүмкіндігі қарастырылды.

Тексеруді тағайындау үшін салық жүктемесінің коэффициенті енгізілді – егер ол салалық орташа деңгейдің 90%-ынан төмен болмаса, кешенді тексеру жүргізілмейді. Оған қоса тексерулерді цифрландыру енгізілді, құжаттар электронды форматта жіберіледі, талаптар бойынша ақпарат ұсыну мерзімі 30-дан 10 жұмыс күніне дейін қысқартылды, тексерулерді уақытша тоқтату саны шектелді.

«Жалпы алғанда, өзгерістер тексерулер санын азайтуға, оларды өткізу мерзімдерін қысқартуға және салықтық бақылаудың ашықтығын арттыруға бағытталған», – деп түсіндірді Сейілжан Ахметов.

Сондай-ақ 2026 жылдан бастап қайта ұйымдастыру рәсімдері таратумен теңестірілді, осыған байланысты оларға салықтық әкімшілендірудің ұқсас тәртібі қолданылады.

ҚҚС қайтарудың жеңілдетілген тәртібі кеңейтілді – енді оны нөлдік айналым үлесі кемінде 50% болатын барлық экспорттаушы пайдалана алады.

Қайтару тәуекелдерді автоматтандырылған бағалау негізінде тексерусіз 15 жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады, ал жалпы тәртіппен ҚҚС қайтару мерзімі 75-тен 55 жұмыс күніне дейін қысқартылды. Бұл экспортқа бағытталған компаниялардың айналым қаражатының жылдам айналуына ықпал етеді.

Сонымен қатар берешекті өндіріп алуға сараланған тәсіл енгізілді. Шекті мәндер ұлғайтылды:

– салықтық берешек бойынша 6 теңгеден 20 АЕК-ке дейін (86 500 теңге);
– әлеуметтік аударымдар бойынша 1 теңгеден 6 АЕК-ке дейін (25 950 теңге).

Берешек 3 айдан астам уақыт өтелмеген жағдайда, сот санкциясы негізінде заңды тұлғаның бірінші басшысына (немесе оны алмастыратын тұлғаға), сондай-ақ құрылымдық бөлімше мен ЖК-ға Қазақстан Республикасынан шығуға шектеу қойылады.

«Бұрын тиісті материалдар жеке сот орындаушысы арқылы жіберілетін, қазір бұл рәсімді салық органдары жүзеге асырады», – деп нақтылады спикер.

Сондай-ақ кейінге қалдыру және бөліп төлеу рәсімі жеңілдетілді, оның ішінде кепілсіз де – 1500 АЕК-ке дейінгі салықтық берешек бойынша бір жылға дейінгі мерзімге беріледі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-shalkar-aktogay/press/news/details/1185680?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version