Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен “Таза Қазақстан” республикалық экологиялық акциясын жүзеге асыруға және өңірді көгалдандыру мәселелеріне арналған жиналыс өтті.
Онда экология мәдениетін қалыптастыру және қоршаған ортаның жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстардың жүйелі жүргізіліп жатқаны айтылды. Былтыр облыста 115 мыңнан астам тұрғынды қамтыған 195 сенбілік өтіп, 62 мыңнан астам ағаш отырғызылған. Тазартылған аула саны 70 мыңнан асады. 2026 жылдың басынан бері 55 экологиялық іс-шара ұйымдастырылған.
Қоғамдық бақылауға, цифрлық құралдарды дамытуға және тұрғындарды экология бағытындағы бастамаларға мейлінше көптеп тартуға айрықша назар аударылып отыр.
Жиында Мемлекет басшысының көгалдандыруға қатысты тапсырмаларының орындалу жайы да айтылды. Облыста кешенді жоспар бойынша орман қорына тиесілі жерлер мен елді мекендерде ағаштар отырғызылуда. Биыл 306,9 гектар аумаққа 859,8 мың көшет егу көзделген.
Талқыланған тағы бір мәселе — Атырауда шаңды дауылдардың жиілеуі. Мамандардың пайымынша, оған себеп болуы мүмкін фактордың бірі — Каспий теңізінің тартылуы. Соның салдарынан теңіз түбінің ашық аумағы ұлғайып, шаңның күшеюіне ықпал етуде.
Осы орайда өңір басшысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына ғалымдар мен сарапшылармен бірлесе отырып, шаңды дауылдарға себеп болатын аумақтарға жан-жақты талдау жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар Каспий теңізінің жағалауы мен құрғап қалған аумақтарында фитомелиорация жүргізу жөнінде кешенді іс-шаралар бағдарламасын жасақтап, жүзеге асыруға міндеттеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1186080?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау