Братислава, 2026 жылғы 18 наурыз – Қазақстанның Словакиядағы Елшісі Жанна Сағынова Словак Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің мемлекеттік хатшысы Владимир Внукпен кездесу өткізді.
Келіссөздер барысында тараптар аграрлық саладағы екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін, соның ішінде мал шаруашылығы, тұқым шаруашылығы және орман шаруашылығын талқылады. Сондай-ақ Словакиядан асыл тұқымды мал сатып алу, Қазақстанның Словакия нарығына жеткізілетін экспорттық агроөнім түрлерін кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Орман шаруашылығы саласындағы өзара түсіністік туралы бірлескен Меморандумды іске асырудың маңыздылығы, сондай-ақ сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссия аясында жұмыс істейтін бейінді жұмыс тобының қызметі атап өтілді. 2025 жылғы ақпанда өткен жұмыс тобының онлайн-кездесуінің қорытындылары бойынша қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыру мақсатында дипломат Қазақстанның орман шаруашылығы мамандары үшін Словакия Республикасының мамандандырылған оқу орындары базасында тағылымдамалар ұйымдастыру мүмкіндігін, сондай-ақ ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы комитеті мен Словакияның Ұлттық орман орталығы арасындағы өзара іс-қимылды дамыту мәселесін қарастыруды ұсынды.
Биотехнологиялар, топырақтану, өсімдік селекциясы мен генетикасы, мал шаруашылығы және ветеринария салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыру перспективаларына ерекше назар аударылды. Елші Қазақстанның Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының қызметімен таныстырып, аталған орталық пен Словакияның Ұлттық ауыл шаруашылығы және азық-түлік орталығы, сондай-ақ Братиславадағы Орталық бақылау және сынақ ауыл шаруашылығы институты арасындағы ынтымақтастықты жолға қоюды ұсынды.
ЮНЕСКО-ның саятшылық өнерін Қазақстан мен Словакияның материалдық емес мәдени мұрасы ретінде тануы екіжақты ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер ашатыны атап өтілді. Дипломаттың пікірінше, Словакияда сұңқаршылықты кәсіби оқытумен айналысатын орман мектептері желісінің болуы қазақ құсбегілерін даярлау үшін қосымша мүмкіндіктер береді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты одан әрі дамытуға өзара мүдделілігін растады және талқыланған барлық бағыттар бойынша сындарлы диалогты жалғастыруға келісті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-bratislava/press/news/details/1185559?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау