Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі Келес ауданында «Жаңарған әлем – жарқын Наурыз» атауымен кең көлемде аталып өтті. Абай ауылындағы орталық алаңда ұйымдастырылған салтанатты шара ұлттық нақышта безендіріліп, мерекелік көңіл-күйге бөленді. Алаңға 10 киіз үй тігіліп, халқымыздың бай салт-дәстүрлері кеңінен насихатталды.
Мерекелік жиынға Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев арнайы қатысып, аудан тұрғындарын Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.
— Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – береке мен бірліктің, жаңару мен жасампаздықтың мерекесі. Әр шаңыраққа бақ-береке, ырыс пен ынтымақ тілеймін. Наурыз баршамызға жаңа мүмкіндіктер мен жарқын жетістіктер әкелсін, – деді аудан басшысы.
Салтанатты шара концерттік қойылыммен басталып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Сахна төрінде «Келес сазы» ұлттық аспаптар ансамблі, эстрада жұлдызы Досымжан Таңатаров және аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әсем ән мен күмбірлеген күйден шашу шашты.
Мереке барысында аудан әкімі Жәнібек Есенұлы ауыл ақсақалдары және өнер иесі Досымжан Таңатаровпен бірге тігілген киіз үйлерді аралап, ұлттық дәстүрлермен танысты. Киіз үйлерде қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, қолөнері мен тағамдары көпшілік назарына ұсынылды.
Сондай-ақ, шара аясында ұлттық салт-дәстүрлер сахналанған көріністер көпшілікке ұсынылды. Атап айтқанда, бүлдіршіндердің тұсаукесер рәсімі, беташар, көрісу сынды әдет-ғұрыптар көрсетіліп, көрермендерге ерекше рухани әсер сыйлады.
Ұлттық құндылықтарды ұлықтаған айтулы мереке аудан тұрғындарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, бірлік пен татулықтың жарқын көрінісіне айналды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-keles/press/news/details/1186376?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау