Наурыз мерекесін атап өту аясында Наурызнама күнтізбесіне сәйкес 20 наурыз – Ұлттық спорт күні. Бұл күн төл спортымызды дәріптеуге, насихаттауға және оны заманауи үрдістермен ұштастыра отырып, ұлттық бірегейлікті нығайтуға бағытталған.
Бүгінде республика бойынша 16 555 ұлттық спорт үйірмесі жұмыс істейді. Сонымен қатар кадр даярлау бағытында 15 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі және 17 спорт клубы қызмет атқаруда.
Сондай-ақ былтырдан бастап ұлттық спорт түрлері олимпиадалық спорт түрлерімен қатар басымдыққа ие болды. 2025 жылдың маусым айында күшіне енген «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңның жаңа редакциясында ұлттық спорт түрлері олимпиадалық және паралимпиадалық спортпен қатар басым бағыттардың қатарына енгізілді. Бұл ұлттық спорт өкілдеріне мақсатты қаржыландыруға жол ашып, оларды жоғары жетістіктер спорты санатына енгізуге мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда елімізде асық ату, аударыспақ, бәйге, дәстүрлі садақ ату, жамбы ату, жекпе-жек, көкпар, қазақ күресі, құсбегілік, теңге ілу және тоғызқұмалақ сынды 11 ұлттық спорт түрі дамып келеді. Оның ішінде төртеуі ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізілген.
Жыл сайын елімізде «Ақбидай» ауыл спорт ойындары, «Қазақстан барысы» турнирі, «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі және этноспорт бойынша түрлі фестивальдер ұйымдастырылады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-alakol-ekpindi/press/news/details/1185975?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау