Сіздерді барша түркі халықтарына ортақ, көктемнің шуағымен бірге келетін Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын!
Табиғат түлеп, тіршілік жаңаратын осы бір шуақты шақта әр шаңыраққа береке мен бірлік, қуаныш пен шаттық орнасын. Наурыз — татулық пен келісімнің, мейірім мен ізгіліктің мерекесі. Ол бізді жақсылыққа жетелеп, жарқын болашаққа деген сенімімізді нығайтады.
Ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан бұл ұлық мереке халқымыздың салт-дәстүрін, рухани құндылықтарын дәріптеп, ұрпақтар сабақтастығын жалғайды. Осындай ерекше күндері бір-бірімізге ізгі тілектер айтып, қамқорлық пен сыйластықты арттыра түсу — баршамызға ортақ міндет.
Әр отбасыға амандық, зор денсаулық, бақ-береке тілеймін! Шаңырақтарыңыз шаттыққа толып, ырыс-несібелеріңіз арта берсін. Қаламыздың көркеюі мен өркендеуі жолында бірлесе еңбек етіп, жаңа жетістіктерге жете берейік!
Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! Наурыз әрбір шаңыраққа құт-береке, қуаныш пен жаңа мүмкіндіктер әкелсін!
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/vko-altay-serebryansk/press/news/details/1186434?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау