Сіреспе дегеніміз не?

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Сіреспе – бұл Clostridium tetani бактериясының токсинінен туындаған инфекциялық ауру, ол жүйке жүйесіне әсер етеді және бұлшықеттің тартылуы, ауырсынатын құрысулармен көрінеді, тіпті өлім жағдайына әкеледі. Сіреспеден болатын өлім-жітім 15-60%, жаңа туған нәрестелер арасында 90%-ға дейін жетеді.

Жетісу облысында 2017 жылы сіреспенің 3 жағдайы тіркеліп, оның бірі өліммен аяқталды, 2025 жылы 1 жағдай тіркеліп, өліммен аяқталды. Барлық науқастар сіреспеге қарсы егілмеген, ал ересектерді сіреспеге қарсы егу әр 10 жыл сайын жүргізіледі, сондай-ақ өліммен аяқталған 2 жағдай медициналық көмекке уақытылы жүгінбеген. Нәтижесінде сіреспеге қарсы сары су уақытылы енгізілмеді.

Сіреспенің қоздырғышы қандай? Бұл аурудың қоздырғышы Clostridium tetani болып табылады. Әлем бойынша барлық жерде, топырақта, жануарлардың асқазан – ішек жолдарында кездеседі және көптеген жер беткейлерін ластай алады.  

Сіреспені қоздыратын бактериялар барлық жерде және көп кездесетіндіктен ауруды жою мүмкін емес. Бактериялар антисептиктерге, дезинфекциялаушы заттарға және физико-химиялық факторларға өте төзімді. Топырақта, нәжісте және әртүрлі заттарда 100 жылдан астам уақыт сақталуы мүмкін. Қолайлы жағдайлар туындаған кезде (оттегінің болмауы, жеткілікті ылғалдылық, ауа температурасы 37оС болғанда) споралар тұрақтылығы төмендеу вегетативті түріне айналып, қауіпті уды шығарады.  

Жұғу жолдары: бактерияның споралары қоршаған ортадан (топырақ, шаң, нәжіс) әсіресе оттегі болмаған жағдайда жараларға немесе зақымдалған теріге түскенде жұқтырылуы мүмкін. Әсіресе тесілген жарақат немесе терең қалталары бар жаралар қауіпті. Ауру тері және шырышты жабындылары жарақаттанған жағдайда, күйік немесе үсікке шалдыққанда, босану кезінде жаңа туған нәрестелерде кіндігін кескен стерильді емес құрал арқылы және кейбір қабыну жағдайында (гангрена, абсцесс, жара, көп жатқаннан дененің тесілуінде) дамуы мүмкін.  Инфекцияны жұқтыруға жиі аяқ-қолдың шағын жарақаты, өткір, тікенді заттармен жарақаттану, тіпті тікен кіру себеп болады.  Инкубациялық кезең 3-тен 21 күнге дейін созылады (орта есеппен 14 күн). Бұл кезең неғұрлым қысқа болса, ауру соғұрлым ауыр болады.

  Аурудың белгілері: мазасыздық, ашуланшақтық, бас ауруы, дене қызуының көтерілуі және тершеңдік, жақтың тартылуы немесе ауызды аша алмау, жұтынудың қиындауы, тоникалық құрысулар. Жаңа туылған нәрестелердегі сіреспе белгілеріне бұлшық еттің тартылуы, көбінесе нәрестелердің еме алмауы және шамадан тыс жылауы жатады.

 Асқынулар: Барлық жастағы адамдар сіреспе жұқтыруы мүмкін, егер аналар сіреспеден вакцинамен қорғалмаса, ауру жаңа туған нәрестелер мен олардың аналарында жиі және ауыр түрде кездеседі. Сіреспе асқынулары: бронхит, пневмония, миокард инфарктісі, сепсис, сүйектердің сынуы, бұлшық еттердің сүйектен бөлінуі, тамыр тромбозы, өкпе ісінуі.

Емі: Сіреспе дамыған кезде шұғыл медициналық көмек қажет, атап айтқанда: аурухана жағдайындағы медициналық көмек, сіреспеге қарсы сарысуды қолдана отырып жедел емдеу, жараны қарқынды емдеу. Қандағы токсинді бейтараптандыру үшін сіреспеге қарсы сарысу бұлшықет ішіне енгізіледі. Әрі қарай терапия симптоматикалық түрде жүргізіледі. Сіреспеден айыққан адамдардың табиғи иммунитеті жоқ және қайтадан жұқтырылуы мүмкін. Сондықтан оларға вакцинация алу қажет.

Алдын алу: Сіреспеге қарсы құрамында анатоксині бар вакциналарды егу арқылы алдын алуға болады. Вакцинация – сіреспені жеңетін ең тиімді құрал. Жоспарлы түрде барлық балаларға АбКДС вакцинасын енгізу арқылы 2, 3, 4, 18 айларында және 6 жасында жүргізіледі. Ересектерге АДС-М вакцинасымен 16 жаста және әр 10 жыл сайын қайтара егу жүргізіледі.  

Сіреспеге қарсы шұғыл вакцинациялау жүргізіледі. Шұғыл вакцинация мына жағдайларда тағайындалады:

      1) тері қабаттары мен сілемейлі қабықтарының тұтастығы бұзылған жарақаттар, жараланулар;

       2) үсу және екінші, үшінші және төртінші дәрежелі күйіктер;

       3) ауруханадан тыс түсіктер;

       4) медициналық ұйымнан тыс босану;

       5) медициналық ұйымнан тыс туылу;

       6) гангрена немесе кез келген типті тіндердің некрозы;

       7) жануарлардың тістеуі;

       8) асқазан-ішек жолына енетін зақымданулар.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/dsek-zhetisu/press/news/details/1185828?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version