19 наурыз – Жаңару күні

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Наурызнама онкүндігі аясындағы 19 наурыз – Жаңару күні табиғаттың жаңғыруын, тіршіліктің қайта жандануын айшықтайтын ерекше күн. Бұл мереке Маңғыстау облыстық эксперименталдық ботаникалық бағының тыныс-тіршілігімен үндесіп, өңірдегі көктемгі жаңару жұмыстарының мазмұнын айқындай түседі, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.

Климаты қатал, шөлейтті Маңғыстау өңірінде осыдан 53 жыл бұрын құрылған Маңғыстау облыстық эксперименталдық ботаникалық бағы бүгінде ғылыми-зерттеу, ағартушылық және білім беру бағыттарын қатар алып келе жатқан бірегей орталыққа айналды. Қазіргі таңда бақ аумағында әртүрлі климаттық белдеулер мен аймақтардан әкелінген өсімдіктер зерттеліп, көпшілікке таныстырылуда. Мұнда дүниежүзілік геноқордан жиналған 1500-ден астам өсімдік түрі бар. Сонымен қатар, мекеме шөл климатының экстремалды жағдайларына өсімдіктерді бейімдеу технологияларын әзірлеу бағытында да жұмыс істеп келеді.

Жаңару күні қарсаңында ботаникалық бақта жеміс ағаштарын көктемгі күтіп-баптау және көбейту жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, алма мен алмұрт ағаштарына жалғастырып егу (копулировка) жұмыстары жүріп жатыр. Бұл – қыстан шыққан ағаштардан жаңа сұрып алу мақсатындағы маңызды агротехникалық үдеріс. Ал, бүршіктеп телу (окулировка) жұмыстары жаздың шілде-тамыз айларында жалғасады. Сонымен қатар, қыстан шыққан және жерден қазылып алынған ағаштар арнайы ыдыстарға отырғызылып, көгалдандыру жұмыстарына дайындалуда.

Маңғыстау эксперименталдық ботаникалық бағының басшысы Ақжүніс Иманбаева ботаникалық бақтағы жаңару жұмыстарының ерте көктемнен басталатынын айтты.

-Жаңару жұмыстары тек 19 наурызбен шектелмейді. Бұл жұмыстар бізде ақпан айының 20-сынан басталады. Осы кезеңде тал, терек, үшқат секілді ағаштар бүршік жарып, өсімдіктер вегетациялық тыныштық күйінен оянады. Яғни табиғатта тіршіліктің жаңа кезеңі басталады. Қазір біз жеміс ағаштарына жалғастырып егу, яғни копулировка жүргізіп жатырмыз. Ал жаз айларында бүршіктеп телу – окулировка жасалады. Сонымен бірге қыстан шыққан ағаштарды арнайы ыдыстарға отырғызып, көгалдандыруға дайындаудамыз. Жалпы ботаникалық бақтағы жұмыс маусымдық емес, жыл бойы циклмен жалғасып отырады, – деді Ақжүніс Иманбаева.

Мекеме мамандарының айтуынша, жеделдетілген әдіспен ағаштектес өсімдіктердің тұқымы қаңтар-ақпан айларында дайындалып, алдымен жылыжайға шығарылады. Күн жылынған соң олар ашық топыраққа отырғызылады. Ботаникалық бақтағы бұл науқан ақпан айының соңынан қарашаға дейін жалғасса, қарашада келесі көбею кезеңіне қажетті тұқым жинау жұмыстары басталады.

Көктемгі кезеңде табиғаттың оянуы ботаникалық бақ аумағынан да анық байқалады. Бұл уақытта тал, терек, үшқат ағаштары бүршік жарып, жасыл түске енсе, алғашқы эфемер өсімдіктердің бірі – қызғалдақтар да жапырағын жая бастайды.

Сонымен бірге ботаникалық бақта климаттың өзгеруіне байланысты жылу сүйгіш өсімдіктердің дүниежүзілік генетикалық қорын жасақтауға арналған гранттық жоба аясында жаңа жер телімін жоспарлау және жасақтау жұмыстары басталды. Қазіргі таңда алғашқы ағаштар отырғызылып үлгерді. Олардың қатарында анар, зәйтүн, магнолия, барбарис юлиана, тікенек жиде, қағаз тұт ағашы секілді өсімдіктер бар.

Осылайша, жаңару күні Маңғыстау облыстық эксперименталдық ботаникалық бағындағы жүйелі еңбектің, табиғатқа жанашырлықтың және көктемгі тіршіліктің нақты көрінісіне айналып отыр. Табиғатпен үндес бұл мереке өңірдегі жасыл желекті көбейтуге, сирек өсімдіктерді сақтауға және келешек ұрпаққа экологиялық тәрбие беруге бағытталған маңызды бастамалармен сабақтасып келеді

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/digital-nauryz/press/news/details/1186655?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version