Бүгін, 21 наурыз күні Астанада Наурыз мейрамы ауқымды түрде аталып өтіп, дәстүр мен заманауи технологияның үйлесімімен қала тұрғындарын таңғалдырды. Елордада жарқын алаңдар, интерактивті киіз үйлер, цифрлық экспозициялар және жасанды интеллект элементтері бар ерекше ойын-сауықтар ұйымдастырылды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Қаланың әр ауданында арнайы тақырыптағы киіз үйлер ашылып, олардың әрқайсысы жеке технологиялық алаңға айналды. Мәселен, бір киіз үйде қонақтар интерактивті дисплей арқылы Наурыз туралы сұрақтарға жауап беретін жасанды интеллект аватарымен тілдесе алды.
Басқа киіз үйлерде келушілер VR-көзілдіріктердің көмегімен виртуалды кеңістікке еніп, Қазақстан бойынша виртуалды саяхат жасап, ұлттық ойындарды байқап көрді.
Ерекше назар «Заң мен тәртіп» киіз үйіне аударылды. Мұнда полицей дроны мен робот-ит таныстырылып, Тазабек интерактивті кейіпкері ұсынылды.
Елордадағы өзге алаңдарда да технологиялар мерекелік атмосфераның ажырамас бөлігіне айналды. «Ататүрік» саябағында қонақтар жасанды интеллект арқылы ұлттық киімдегі цифрлық портреттер жасап, «Наурызай» және «Наурызбек» AI-кейіпкерлерімен тілдесе алды.
Сарыарқа ауданында тұрғындар VR арқылы Қазақстанға виртуалды саяхат жасап, робототехника саласындағы жаңалықтармен танысты. Олардың қатарында гуманоид роботтар мен шапан киген би билейтін робот та бар.
Сондай-ақ EXPO алаңында ұсынылған «Ұлы Дала аруы» арт-инсталляциясы ерекше назар аудартты. Бірегей туынды шебер Рахима Бергеннің жетекшілігімен жүздеген қала тұрғынының қолымен жасалған. Жобаға балалардан бастап әжелерге дейін қатысып, олар 3250 шаршы тоқып, Қазақстанның барлық өңірін бейнелейтін 17 күн шапағын құрастырды. Бұл инсталляция тек фотоаймақ қана емес, ұрпақтар сабақтастығы мен ортақ шығармашылықтың символына айналды.
Сонымен қатар, кейбір алаңдарда спорттық жарыстарда төрешілік ету және нәтижелерді тіркеу жұмысы жасанды интеллект көмегімен жүзеге асырылды.
Халықаралық EXPO көрме орталығында қонақтарға арналған түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды: 12 метрлік LED-туннель, цифрлық интерактивті аймақтар, гастрономиялық павильондар, AI Sport спорттық аймағы және «Жеті қазына» голографиялық экспозициясы.
Сонымен қатар, мерекенің дәстүрлі мазмұны да өз орнын сақтады: қонақтар ұлттық тағамдардан дәм татып, салт-дәстүрге толы іс-шараларға қатысып, этно-фольклорлық ансамбльдердің өнерін және қазақстандық эстрада жұлдыздарының концерттерін тамашалады.
Ал «Қазақ елі» монументі маңында өтетін әсерлі кешкі дрон-шоу мерекенің көркін арттыра түсті. Мұнда аспандағы жарық композициялары заманауи технологияларды қазақ мәдениетінің символдарымен үйлестіреді.
Елордадағы мерекелік іс-шаралар 22 наурыз күні де жалғасады. Қала тұрғындары мен қонақтарына арнап жаңа интерактивті іс-шаралар мен мәдени бағдарламалар ұйымдастырылады.
Еске сала кетейік, «Наурызнама» онкүндігі аясында қалада 200-ден астам іс-шара өтіп жатыр – концерттер, ұлттық ойындар, жәрмеңкелер, мастер-класстар мен әсерлі салт-дәстүр көрсетілімдері.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1186671?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау