Байзақ ауданында Ұлыстың ұлы күні – Әз-Наурыз мерекесіне орай «Наурыз думан» атты мерекелік концерт жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Көктемнің шуақты мерекесін дәріптеген бұл кеш көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлап, ұлттық құндылықтарды ұлықтауға бағытталды.
Мерекелік шара композициялық қойылыммен бастау алды. Қойылым барысында қазақ халқының салт-дәстүрлері, тұрмыс-тіршілігі, береке-бірлігі сахналық көріністер арқылы әсерлі жеткізілді. Ұлттық нақыштағы көріністер көрермендерге терең әсер қалдырып, Наурыз мейрамының мән-маңызын айшықтай түсті.
Кеш барысында Байзақ ауданының әкімі Олжас Елебекұлы Баққараев тұрғындарды мерекемен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Өз сөзінде аудан басшысы Наурыз – жаңару мен жаңғырудың, татулық пен бірліктің мерекесі екенін атап өтіп, барша аудан тұрғындарына амандық, бақ-береке тіледі.
Салтанатты кеш одан әрі эстрада жұлдызы Bayansulu, сондай-ақ облыс және аудан өнерпаздары “Nomad” тобы, “Fir-Дауыс”, “Жамбыл” триосының концерттік бағдарламасына ұласты. Әсем ән мен күмбірлеген күй, мың бұралған би көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, мерекелік кештің ажарын аша түсті. Әрбір өнерпаздың өнері сахна төрін жандандырып, Наурыз думанның шырайын кіргізді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-bayzak/press/news/details/1186672?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау