Алматының Жетісу ауданында Наурыз мейрамы алғаш рет Алматы ипподромының аумағында ұйымдастырылды. Ауданның 90 жылдығына орай өткен ауқымды этнофестиваль 10 мыңнан астам қала тұрғындары мен қонақтарын жинады.
Әкімдік өкілдерінің мәліметінше, жаңа алаң мерекенің форматын кеңейтіп, мәдени, спорттық және ойын-сауық бағыттарын бір арнаға тоғыстыруға мүмкіндік берді. Биыл ұлттық дәстүрді «музейлік» форматта емес, заманауи көзқараспен жаңаша ұғындыруға және мәдениетке терең енуге ерекше мән берілді.
«Ұлы Дала Рухы» бағдарламасының негізгі бөлігі «Жетісу» этноауылы мен төрт команда қатысқан көкпар турнирі болды. Төрт сағатқа жуық созылған жарыс көрерменге лық толы трибуналар алдында өтіп, ұлттық спорт түрлерінің қала тұрғындары арасында жоғары сұранысқа ие екенін көрсетті.
Мерекенің ашылуы қазақстандық танымал өнерпаздардың қатысуымен өткен концерттік бағдарламамен өрбіді. Сахнада Роза Рымбаева, Ернар Айдар, «Дервиши» тобы, Мөлдір Әуелбекова және Нұрсұлтан Нұрбердиев өнер көрсетті.
Финал алдында көрермендерге «Топ жарған» командасының «Шабандоздық» қойылымы мен ат үстіндегі акробатикалық құрылымдар ұсынылды. Өнерпаздар қозғалыстағы екі аттың үстінде пирамида жасау сынды күрделі трюктерді көрсетіп, көрермендердің зор ықыласына бөленді.
Бағдарламаны көшпелі мәдениеттің сабақтастығын және оның қазіргі спорттық форматтағы дамуын айшықтайтын ат үстіндегі садақ ату құрылымдарымен өткен көрсетілімдер толықтырды.
Мерекенің шарықтау шегі – Гиннестің рекордтар кітабына тіркелуі жоспарланған екі әлемдік рекордты орнату әрекеті болды. Барлық рәсімдердің сақталуын қамтамасыз ету үшін Орталық Азия мен Африка елдері бойынша ресми өкіл арнайы шақырылды.
Сондай-ақ атшабар аумағында интерактивті аймақ ұйымдастырылды: келушілер дәстүрлі қолөнермен танысып, киіз үйлерді аралап, ұлттық салт-дәстүрлерге қатысып, ұлттық тағамдардан дәм татты.
Аудан әкімдігі өкілдері бұл іс-шара тек мерекелік оқиға ғана емес, сонымен қатар Алматы ипподромын ірі қалалық іс-шаралар өтетін алаң ретінде дамыту жолындағы маңызды қадам болғаны атап өтті.
Алматы қаласының Спорт басқармасының басшысы Дархан Нұрханұлының айтуынша, мұндай іс-шаралар бір реттік акция емес, алаңды жаңғыртуға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі.
«Орталық ипподром – ат спорты дәстүрі қалыптасқан қаланың тарихи нысаны. Соңғы жылдары ол толық көлемде пайдаланылмай келді. Біздің мақсат – оған жаңа серпін беру. Алдағы уақытта мұнда осындай іс-шараларды тұрақты түрде өткізіп, ұлттық және ат спорты түрлерін дамыту мен кеңінен насихаттауды көздеп отырмыз. Алматыда мұндай бірегей алаңның сақталуы аса маңызды», – деді Дархан Нұрханұлы.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/1186698?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау