Өскеменде Наурызнама онкүндігі мен Ұлттық ойындар күні аясында заманауи технологиялар мен жарыс рухын тоғыстырған ерекше «Ұлы дала ойындары: VR & DRONE» байқауы өтті.
Байқауға жоғары оқу орындары мен колледж студенттері қатысып, ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқару дағдыларын, реакция жылдамдығын және командада жұмыс істеу қабілеттерін көрсетті. Іс-шараның басты сәті — «дрондар жарысы» болды. Бұл тартысты сайыста қатысушылар кедергілер жолағынан өтіп, қарсыластарынан бұрын мәреге жетуі тиіс болды.
Бірнеше кезеңнің қорытындысы бойынша финалистер анықталды. Ұйымдастырушылар биыл қыздардың да белсенді қатысқанын атап өтті. Бұл жастар арасында техникалық бағыттарға қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді.
Жарыс қатысушылардан тек тәжірибелік ұшу дағдыларын ғана емес, сонымен қатар нақты есептеулер жүргізуді және заманауи технологияларды қолдана отырып техникалық тапсырмаларды орындауды талап етті. Әсіресе жабық кеңістікте жоғары жылдамдықпен дрон басқару үлкен дайындық пен тәжірибені қажет етеді.
Байқау ұйымдастырушысы Андрей Охотенконың айтуынша, ұшқышсыз аппараттарды басқару бүгінде сұранысқа ие әрі болашағы зор мамандықтардың бірі. Қазіргі таңда дрондар инфрақұрылымды бақылауда, нысандарды күзетуде, аумақтарды қадағалауда, тіпті жүк жеткізуде кеңінен қолданылады.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, мұндай іс-шаралар жастар арасында инженерлік және IT-мамандықтарды насихаттауға ықпал етіп, заманауи технологиялардың Наурыз мерекесінің мәдени мазмұнымен үйлесімді ұштасатынын көрсетеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/digital-nauryz/press/news/details/1186480?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау