Түркістан дотациялы аймақтан өзін-өзі қамтитын, өндірісі дамыған өңірге айналуды көздеп отыр

Жарияланды:

Автор:

категорияда
 
Түркістан облысында Президенттің экономиканың орнықты өсімін қамтамасыз ету, өңірлерді дамыту, халықтың өмір сүру сапасын арттыру жөніндегі стратегиялық тапсырмалары нәтижелі іске асырылып жатыр.
Түркістан облысының әкімдігі
Демография
Түркістан облысының аумағы — 116,1 мың шаршы шақырым. Солтүстігінде Қарағанды, шығысында Жамбыл, батысында Қызылорда облыстарымен, ал оңтүстігінде Өзбекстанмен шектеседі. Облыстың әкімшілік құрылымына 3 облыстық маңызы бар қала және 14 аудан кіреді. Аймақта 794 ауыл бар.
2026 жылғы 1 ақпандағы мәлімет бойынша өңір халқының саны 2 148 168 адамға жетті. Оның 25,3 пайызы — қалада, 74,7 пайызы — ауылдық жерде тұрады.
Өңір демографиялық өсім бойынша республикада көш бастап тұр. Өткен жылы облыста 45 мыңнан астам сәби дүниеге келіп, туу көрсеткіші бойынша елімізде ең жоғары деңгейге жетті.
Экономика және инвестиция
Өңір аз уақыттың ішінде рекордтық көлемде инвестиция тартып, жаңа өндіріс орындарын ашу және индустриялық аймақтарды дамыту арқылы республикада көшбасшылар қатарына енді.
Былтыр облыс экономикасының өсімі 113,9 пайыз болды. Мемлекеттік бюджетке салық түсімі алдыңғы жылмен салыстырғанда 234 млрд теңгеге өсіп, алғаш рет 1 трлн теңгеге жетті.
Өңір экономикасына 1,7 трлн теңге инвестиция тартылып, өсім 121,6 пайызды көрсетті. Оның ішінде 1,4 трлн теңге — жеке инвестиция. Тікелей шетелдік инвестиция көлемі 1,4 млрд АҚШ долларына жетіп, жоспар үш есеге артығымен орындалған.
Экономиканы әртараптандыру мақсатында өткен жылы 340 млрд теңгеге 58 инвестициялық жоба іске қосылып, 8 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Оның ішінде, ірі жобаларға тоқталсақ, мақта өңдеу, алюминий бұйымдары, тұрғын үйлерге арналған газ қазандықтары және сусын шығаратын зауыттар, уран және әк өңдеу кешендері іске қосылды. Ал биыл 444 млрд теңгеге 66 жаңа жоба жүзеге асырылады. Нәтижесінде 6 810 жұмыс орнын құру көзделген.
Өмір сапасы жақсарды
Мемлекет басшысы халқымыздың тамыры — ауылда екенін ерекше атап өтті. Бүгінде облыс халқының 75 пайызы ауылдық жерде қоныстанған.
Былтыр өңірдегі барлық елдімекен 100 пайыз ауызсу жүйесімен қамтамасыз етілді. Газбен қамту деңгейі 88,9 пайыз. Биыл қосымша 33 елдімекенге газ құбыры тартылады.
Нәтижесінде, газбен қамту 89,6%-ға жетеді. Жол инфрақұрылымы бойынша 821 шақырым жол жөнделіп, жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 94,8 пайызды көрсетіп отыр.
Аймақта тұрғын үй құрылысы да қарқынды. 2025 жылы кезекте тұрған азаматтарға 3 733 жаңа пәтер табысталды. Былтыр өңірде 1 млн 235,9 мың м2 тұрғын үй пайдалануға берілсе, биылғы меже — 1 млн 250 мың шаршы метр.
Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту шеңберінде 83 жаңа әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жоспарланған 16 мектеп толық іске қосылды. Жалпы, аталған жоба арқылы 29 мектеп берілген.
Ордабасы ауданында перинаталды және Түркістан қаласында демеуші есебінен «Ана мен бала» орталықтарының құрылысы басталды.
70 жылдан бері реконструкция жасалмаған Кентау жылуэнерго орталығын жаңғыртуға 20 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Бүгінгі таңда құрылыс-монтаждау жұмыстары толық аяқталған.
Индустриалды және арнайы экономикалық аймақтар
Инвесторларды қолдау мақсатында индустриалдық және арнайы экономикалық аймақтарда инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілген, дайын өндірістік алаңдар, қалыптастырылды.
Өткен жылы жаңадан 11 индустриалды аймақ қосып, жалпы санын 21-ге жетті. Индустриалды аймақтарда құны 132 млрд теңге болатын 98 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр.
2025 жылы 60 млрд теңгеге 55 жоба іске қосылып, 3,5 мың жұмыс орны ашылды. «Turan» арнайы экономикалық аймағында 315 млрд теңгеге 26 ірі жоба жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде, 6,5 мың жұмыс орны ашылады.
Өндірістік парктер және жаңа зауыттар
Түркістан облысында іске асырылып жатқан ең ауқымды бастамалардың бірі — «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы. Оның негізгі мақсаты — жергілікті кәсіпкерлерге өндірістік алаң, инфрақұрылым және қызмет түрлерін қолжетімді бағамен ұсыну. Қазіргі таңда осы бағытта барлық аудан мен қалаларда өндірістік ғимараттардың құрылысы қарқын алған.
Жалпы аумағы 214 гектар болатын 25 шағын өндірістік парк құрылып, 258 өндірістік ғимараттың құрылысы жүріп жатыр. 251 жобадан тұратын инвестициялық пул қалыптастырылған.
Бұл бағытта өткен жылы 45 өндірістік нысан іске қосылып, 32 жоба жүзеге асырылды. Атап айтқанда, жиһаз, жаңбырлатып суару, мұздатқыш, құрылыс материалдары, электр шәйнек, шұлық, бір реттік ыдыстар өндірісі, жылыжайлар ашылды.
Аталған жобаларды іске асыру есебінен өткен жылы 27 млрд теңгеге тауар шығарылды. Биыл қосымша John Deer және Lovol ауыл шаруашылығы техникалары және дрондары, бейнекамера, медициналық жиһаз, капсулды үйлер, тұрмыстық химия өнімдері және кептірілген жемістер өндірістері іске қосылады.
Ауыл шаруашылығындағы 3 негізгі кластер
Түркістан облысы еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінде жетекші орын алады. Терең өңдеуді дамыту жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ауыл шаруашылығында 3 бағытта кластерлік дамыту қолға алынды.
Мақта-тоқыма кластерінде — мақта өсіруден бастап жіп, мата, джинсы материалдарын шығаратын болады. Осы бағытта құны 201 млрд теңге болатын 5 ірі жоба іске асып, 7 000 жаңа жұмыс орны құрылады.
Мақта өнімділігі 2 есе артып, көрсеткіші 60 центнерге жетеді. Былтыр 2 мақта өңдеу және 2 су үнемдеу технологиясын шығаратын зауыт, жіп иіру фабрикасы іске қосылды. Биыл мата, бояу-әрлеу, тігін және джинсы дайындайтын зауыттардың құрылысы басталды.
Жүгері кластері бағытында құны 34 млрд теңге болатын 500 жұмыс орынмен қамтитын «Казкрахмал» зауытының құрылысы толық аяқталды, 1-ші тоқсанда іске қосылады. Жылына 150 мың тонна жүгері терең өңделіп, 26 түрлі өнім шығарылады. Келешекте жүгері алқабын 40 мың гектардан 2030 жылы 70 мың гектарға жеткізу көзделіп отыр.
Сондай-ақ ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында жүйелі жұмыс жалғасып жатыр. Мәселен, республикада экспортқа шығарылатын ірі қара мал етінің 80 пайызы, қой етінің 75 пайызы облыстың еншісінде. 2025 жылы 30 мың тонна ірі қара мал еті, 32 мың тонна қой еті, жалпы 60 мың тоннадан астам ет экспортқа бағытталды.
Өңірде экспортты ұлғайту мақсатында ет кластері жаңаша бағытта дамытылып жатыр. Бұл бағытта «Kaz Eco Meat», «Turkestan Agro», «Қарқын Трейд» және «Бесқара» ет өндіру кешендері іске қосылып, қосымша 83 мың тонна ет өндіру көзделіп отыр.
Сонымен қатар Орталық Азияда теңдесі жоқ, аустралиялық тәжірибеде, 50 мың бас ірі қара мал бордақылау алаңшасының құрылысы жүргізіліп жатыр, ол 2-ші тоқсанда пайдалануға беріледі. Бұдан бөлек, заманауи мал биржасы салынып жатыр, жыл соңында іске қосылады.
Сондай-ақ жылына 48 мың тонна құс етін өндіретін ірі фабриканың құрылысы басталды. Аталған 3 кластерді толық іске қосу есебінен 2027 жылы қосымша 479,5 млрд теңгеге ауыл шаруашылығы өнімі шығарылады.
Өңірде АӘК алушылар саны 2 есе қысқарды
Экономиканың өсімін қамтамасыз етумен қатар, халықтың өмір сүру сапасын, жақсарту жұмыстарына ерекше басымдық беріліп келеді. Соңғы үш жылда атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны екі есеге қысқарып, кедейлік деңгейі 2,9 пайызға төмендеді.
«Өңірлік жұмыспен қамту картасы» бойынша 148 мың адам жұмысқа орналастырылды. Нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызға дейін азайды.
Өңірде 2026-2029 жылдарға жалпы құны 2,8 трлн теңге болатын 111 инвестициялық жоба пулы қалыптасты. Нәтижесінде 18 мыңнан аса жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.
Президенттің стратегиялық бағытын басшылыққа ала отырып, жоспарлаған жобаларды жүзеге асыру есебінен, алдағы 5 жылда жалпы өңірлік өнім көлемін 2,7 есеге арттыру, ал өзіндік кірістерді 2,3 есеге ұлғайту көзделген.
Айта кетелік бүгін Мемлекет басшысы Түркістан облысына жұмыс сапарымен барды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/1186658?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version