Маңғыстауда сапалы заң көмегін көрсету көрсеткіші артты
Маңғыстау облысы әділет департаментінде 2025 жылы азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру және құқықтық түсіндіру жұмыстарын күшейту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылды. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте департамент басшысының орынбасары Жақсылық Жумин айтты.
Спикердің айтуынша, былтыр департамент пен оның құрылымдық бөлімдеріне 4178 жеке және заңды тұлғадан жолданым келіп түскен.
-Орындауда болған атқарушылық іс жүргізулер бойынша аяқталған өндірістердің саны 49,6 пайызды құрады, яғни жоспарлы көрсеткішке қол жеткізілді. Сонымен қатар атқарушылық құжаттар бойынша борышын өтемеген борышкерлерге қатысты қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік шаралары қолданылды. Атап айтқанда, 25 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 223 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың ішінде 154 адамға айыппұл салынса, 69 адам әкімшілік қамаққа алынды. Шағымдар саны азайып, қайталама өтініштер небәрі үш жағдайды құраған. Бұл көрсеткіштер азаматтардың өтініштерін қарау сапасының артқанын аңғартады. Былтыр барлығы 2906 мемлекеттік қызмет көрсетіліп, өткен жылмен салыстырғанда 7,3 пайызға өсім байқалды. Әсіресе, электронды форматтағы қызметтердің үлесі 35,26 пайызға артып, цифрландыру бағытындағы жұмыстың нәтижесін көрсетті. Сонымен қатар, адвокатура саласы бойынша 7089 азаматқа тегін заң көмегі көрсетіліп, «Е-заң көмегі» ақпараттық жүйесі арқылы адвокаттар мен заң консультанттарының жұмысы жүйелендірілді. Бұл өз кезегінде халықтың сапалы заң көмегіне қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік берді, – деді Жақсылық Жумин.
Брифинг барысында спикер биыл департамент жұмысы цифрлық қызметтерді одан әрі дамытуға, мемлекеттік қызметтердің ашықтығын қамтамасыз етуге, құқықтық түсіндіру іс-шараларының ауқымын кеңейтуге және халықпен кері байланысты күшейтуге бағытталатынын айтты. Сонымен қатар, зияткерлік меншік құқығын қорғау, заң көмегінің сапасын арттыру және атқарушылық іс жүргізу саласындағы тәртіпті нығайту негізгі басымдықтардың қатарында қалмақ.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/adilet-mng/press/news/details/1187974?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау