Наурыздың жылуы: ШҚО полицейлері пансионат тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлады
«Наурызнама» онкүндігінің «Қайырымдылық күні» аясында Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің қызметкерлері «Луч надежды» қарттар пансионатының тұрғындарын арнайы барып құттықтады. Бұл кездесу аға буынға көрсетілген құрметтің белгісі болып, қариялардың күнделікті өмірін көктемнің жылуымен және шынайы жанашырлықпен нұрландырды.
Қызметкерлер пансионат тұрғындарына арнап әсерлі концерттік бағдарлама дайындады. Ведомстволық хор мен ансамбльдің жанды орындауындағы бала кезден таныс әуендер қарттардың жүздеріне жылы күлкі сыйлады.
Жиналған қауымға Жеке құраммен жұмыс жөніндегі басқармасының бастығы Баяндинов Марат Бексолтанұлы құрметпен сөз сөйледі:
«Осы жарқын мереке күні сіздерге ең алдымен мықты, сарқылмас денсаулық пен ұзақ ғұмыр тілеймін. Әрбір күндеріңіз қамқорлыққа толы болып, жүректеріңізде әрдайым көктемнің тыныштығы мен жарқын үміт орнасын».
Іс-шара өте жылы атмосферада өтті: концерттен кейін пансионат тұрғындары өз әсерлерімен бөлісіп, сыйланған қуаныш үшін алғыстарын білдірді. Полиция қызметкерлері бұл көктемгі күн аға буынның жүрегінде ізгі із қалдыруы үшін бар күшін салды, өйткені оларға ең қажеттісі — көңіл мен қамқорлық.
ШҚО ПД баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-vko/press/news/details/1188217?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау