Қала әкімі Бақытжан Орынбеков шаһардағы жол жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.
Ең әуелі шаһар басшысы Рысбек батыр көшесіне барды. Бұл көше қаланың маңызды көлік бағыттарының бірі болғандықтан, мұнда жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасы ерекше бақылауда. Жол жабындысын жаңарту, инфрақұрылымды жақсарту бағытындағы шаралар қала тұрғындарының күнделікті қатынасына оң әсерін тигізеді.
Келесі кезекте қала әкімі Қолбасшы Қойгелді көшесіне аялдады. Жалпы ұзындығы 3,15 шақырымды құрайтын жол учаскесі толықтай жаңартылуда. Жобаның басты мақсаты – жол сапасын арттырып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жоспарға сай жүргізіліп жатыр. Бұл нысанды ағымдағы жылы толық аяқтау көзделген. Жөндеу жұмыстары аяқталған соң, жолдың өткізу қабілеті артып, көлік қозғалысы қауіпсіз әрі ыңғайлы болмақ.
Сонымен қатар Бақытжан Әмірбекұлы А.Асқаров көшесін жөндеуден өткізу жұмыстарын көрді. Құрылыс жұмыстары Ғ.Байтасов көшесінен бастап А.Асқаров көшесіндегі айналма жолға дейінгі аралықты қамтиды. Жалпы ұзындығы 5,2 шақырымды құрайтын бұл жолдың маңызы зор. Қазіргі таңда 16-шағын ауданда 80-нен астам тұрғын үйдің салынуы бұл аумақта көлік ағынын айтарлықтай арттырмақ. Осыған байланысты жол ені 12 метрге дейін кеңейтіліп, 4 жолақты қозғалысқа лайықталуда. Жаңғырту жұмыстары толық аяқталған соң бұл бағыттағы қозғалыс едәуір жеңілдеп, кептеліс мәселесі азаяды деп күтілуде.
Айта кету керек, аталған көшелерде тек автомобиль жолдары ғана емес, жаяу жүргіншілерге арналған инфрақұрылым да назардан тыс қалған жоқ. Былтыр бастау алған тротуарларды жөндеу және жаңарту жұмыстары биыл да жалғасуда. Бұл өз кезегінде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қала келбетін көркейтуге үлес қосады.
Жұмыстарымен жіті танысқан қала әкімі жауапты тұлғаларға құрылысты сапалы әрі межеленген мерзімде аяқтау бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-taraz/press/news/details/1188942?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау