ШЫМКЕНТТЕ DIGITAL QAZAQSTAN 2026 ФОРУМЫ БАСТАЛДЫ⁣⁣

Жарияланды:

Автор:

категорияда

2026 жылы еліміздің цифрлық даму тарихында жаңа белес басталмақ. Бұған дейін халықаралық деңгейде өткізіліп келген Digital Almaty енді ауқымын кеңейтіп, бүкіл елді қамтитын Digital Qazaqstan атты республикалық форумға айналды және ол форум бүгін Шымкентте өтіп жатыр. ⁣⁣⠀

Бұл өзгеріс жай ғана атаудың ауысуы емес, Қазақстанның цифрлық экономика мен жасанды интеллектіні дамытудағы стратегиялық бағытының айқын көрінісі. Жаңа форматтағы форум енді тек бір қалада емес, елдің әр өңірінде ұйымдастырылып, технологияның игілігін барша аймаққа жеткізуді көздейді.⁣⁣⠀
Өндірісі өркендеген, әлеуеті зор бұл шаһардың таңдалуы да бекер емес. Мұнда нақты секторды цифрландыру, өндіріс пен жасанды интеллектіні ұштастыру мәселелері терең талқыланып, өңіраралық ынтымақтастыққа тың серпін береді.⁣⁣⠀

Форумның басты тақырыбы – Industry 5.0. Бұл ұғым адам мен технологияның үйлесімді байланысына негізделеді. Яғни, жасанды интеллект, деректер және робототехника тек өнімділікті арттыру құралы ғана емес, адам әлеуетін дамыту мен қоғамның тұрақты өркендеуіне қызмет ететін күш ретінде қарастырылады.⁣⁣⠀

Ауқымды жиынға мемлекеттік органдар, бизнес өкілдері, халықаралық сарапшылар, инвесторлар мен стартаптар қатысып отыр. Олар цифрлық шешімдерді өмірдің әр саласына енгізудің нақты жолдарын ортаға салады. Теориядан гөрі тәжірибеге басымдық беріліп, нақты кейстер мен тиімді модельдер ұсынылады.⁣⁣⠀

Сонымен қатар форум аясында, пленарлық отырыстар мен салалық пікірталастар, IT-компаниялар мен стартаптардың көрмесі, хакатондар мен технологиялық жарыстар, және үздіктерді анықтайтын Digital Qazaqstan Awards ұлттық сыйлығы ұйымдастырылады.⁣⁣⠀

Бұл марапат цифрлық трансформация саласындағы озық жобаларды дәріптеп, жаңа бастамаларға жол ашады. Әсіресе, өнеркәсіптегі AI шешімдер, цифрлық мемлекеттік қызметтер, әлеуметтік жобалар мен болашағы зор стартаптар ерекше назарда болады.⁣⁣⠀

Қысқасы, Digital Qazaqstan – еліміздің цифрлық экожүйесін жаңа деңгейге көтеретін, өңірлердің дамуына серпін беретін, технология мен адам мүмкіндігін тоғыстыратын ірі ұлттық алаңға айналмақ.⁣⁣⠀

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent-ishki-sayasat/press/news/details/1188725?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version