Шымкент қаласында өтіп жатқан халықаралық технологиялық форум аясында Қазақстанның цифрлық даму бағыты тағы бір маңызды жобамен толықты. ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун Премьер-министрге Жасанды интеллекттің ұлттық платформасының мүмкіндіктерін таныстырып, оның мемлекеттік басқарудағы рөлін жан-жақты көрсетті.
Вице-министрдің айтуынша, бұл платформа – суперкомпьютерлерді, үлкен тілдік модельдерді және 120-дан астам мемлекеттік деректер қорын біріктіретін біртұтас экожүйе. Ол тек процестерді автоматтандырумен шектелмей, мемлекеттік секторға арналған 50-ден астам арнайы ЖИ-агенттерді әзірлейтін «цифрлық фабрикаға» айналған.
Жаңа технологиялардың тиімділігі нақты көрсеткіштермен дәлелденді. ЖИ-көмекшісі жыл сайын түсетін 5,5 миллион сұраныстың 1 миллионнан астамын өңдеп, 16 мемлекеттік органның жұмысын жеделдеткен. Сонымен қатар, қауіпсіз ЖИ-аудармашы 400 мыңнан астам аударма жасаған. Отырыстарды автоматты түрде хаттамалау жүйелері енгізілген. 60 мыңнан астам мемлекеттік қызметкер AI Qyzmet курстарынан өткен. Платформа қолданушыларының саны 15 мыңнан асқан.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent-ishki-sayasat/press/news/details/1188792?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау