Наурызнама онкүндігінің қорытындысы – 23 наурыз, Тазару күні Меркі ауданында мазмұнды іспен өрілді. Осы күнге орай «Ағаш еккен – елге пайда, ұрпаққа мұра» атты кең ауқымды ағаш егу акциясы ұйымдастырылды.
Акцияның негізгі бөлігі аудандық дендро саябақта өтті. Мұнда қарағай, жемісті және сәндік ағаштардың 100 түбі отырғызылды. Табиғатты көркейтуге бағытталған игі шараға аудан әкімі Ербол Жиенқұлов, ардагерлер, ауыл ақсақалдары, аудан мекемелері мен бөлімдерінің қызметкерлері, сондай-ақ ауылдық округ әкімдіктерінің ұжымдары қатысты.
Шараның бастауында аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі Жеңісбек Манапов бастаған ақсақалдар батасын беріп, игі іске ақ жол тіледі. Одан әрі қатысушылар жұмыла кірісіп, әр мекеме өздеріне белгіленген аумаққа көшеттер отырғызды. Отырғызылған ағаштарға су құйылып, олардың жайқалып өсуіне ақ тілектер айтылды.
Аудан әкімі өз сөзінде ағаш егу жұмыстарын жүйелі түрде жалғастырудың маңыздылығына тоқталып, бұл бастама тек бүгінгі күнмен шектелмей, тұрақты үрдіске айналуы тиіс екенін атап өтті.
Айта кету керек, Тазару күні аясында аудан бойынша барлық елді мекендерде, мекемелер аумақтарында мыңнан аса түрлі ағаш көшеттері отырғызылды.
Бұл – туған жерге деген жанашырлықтың, келешек ұрпаққа қалдырылар жасыл мұраның нақты көрінісі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-merke/press/news/details/1188211?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау