Ордабасы ауданына қарасты Шұбар ауылдық округіндегі қасиетті Көзді ата бұлағының маңында ауқымды тазалық ашарасы ұйымдастырылды. Іс-шара аудан әкімі Азат Оралбаевтың бастамасымен өтті. Экологиялық акцияға ауыл ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, ауыл тұрғындары және бөлім басшылары қатысып, табиғатқа жанашырлықтың жарқын үлгісін көрсетті. Жалпы шараға 500-ге жуық адам атсалысты.
«Мөлдір бұлақ» республикалық акциясы аясында өткен тазалық жұмыстары барысында бұлақ көзі ашылып, айналасы күл-қоқыстан тазартылды. Сонымен қатар бұлақ маңын абаттандыру, оны алдағы уақытта халық игілігіне арналған, келушілерге қолайлы демалыс орнына айналдыру мәселелері жан-жақты қарастырылды.
Шара барысында ауыл қариялары табиғатты аялау – әрбір азаматтың басты міндеті екенін атап өтті. Олардың айтуынша, көздің қарашығындай сақталуы тиіс табиғи су көздері – елдің ырысы мен берекесінің бастауы.
Жалпы, аудан аумағында 20-ға жуық бұлақ көзі бар. Қазіргі таңда аталған бұлақтардың барлығында дерлік тиісті мекеме қызметкерлері, абаттандыру саласының мамандары, ауыл тұрғындары мен еріктілер бірлесе жұмыс атқарып, бұлақ көздерін ашу, айналасын қоқыстан тазарту және ретке келтіру жұмыстары жүргізуде.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/1187977?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау