«Ұлыстың ұлы күні – ұлт рухының жаңғыруы»

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Ақшоқы ауылдық округінде Ұлыстың ұлы күні – 22 Наурыз мейрамы ерекше сән-салтанатымен, жоғары деңгейде аталып өтті. Бұл күні ауыл іші шаттыққа бөленіп, әрбір тұрғынның жүзінен қуаныш пен ризашылықтың нышаны айқын көрінді. Наурыз – тек көктемнің келуін ғана емес, жаңару мен жақсылықтың бастауы екенін тағы бір мәрте дәлелдеген тағылымды мереке болды.
Мерекелік шараның шымылдығы ауыл әкімі Жанабек Жолдыбековтің жүрекжарды құттықтау сөзімен ашылды. Ол өз сөзінде ауыл тұрғындарын Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, бірлік пен татулықтың, ынтымақ пен берекенің маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, ауылдың дамуына үлес қосып жүрген азаматтарға алғысын білдіріп, алдағы уақытқа зор сенім білдірді.
Іс-шара барысында ұйымдастырылған концерттік бағдарлама көпшілік көңілінен шығып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Әсем ән мен күмбірлеген күй, ұлттық нақыштағы билер – барлығы да қазақ халқының бай мәдениеті мен рухани мұрасын дәріптеді. Сахнада өнер көрсеткен өнерпаздар көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, мерекелік көңіл-күйді одан әрі жандандыра түсті.  Ұлттық ойындар ойнатылып, ауыл тұрғындары мен жастар белсене қатысты. Асық ату, арқан тарту секілді дәстүрлі ойындар арқылы қатысушылар өздерінің ептілігі мен шеберлігін көрсетті. Бұл ойындар тек жарыс қана емес, ұлттық құндылықтарды жаңғыртудың жарқын көрінісі болды.
Мереке барысында белсенділік танытқан азаматтар мен қатысушылар арнайы марапатталып, сый-сияпатқа ие болды. Бұл – ел игілігі жолында еңбек етіп жүрген жандарға көрсетілген құрметтің айқын белгісі. Ақшоқы ауылдық округінде өткен Наурыз мейрамы – ұйымшылдықтың, береке-бірліктің және ұлттық дәстүрге деген құрметтің жарқын үлгісі болды. Осындай игі шаралар ауыл тұрғындарының рухын көтеріп, туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыра түсетіні сөзсіз.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda-shet-akshoky/press/news/details/1188629?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version