Айдарбек Сапаров Қостанай облысындағы агроөнеркәсіп кешеніндегі инвестициялық жобалардың іске асырылу барысымен танысты

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қостанай облысына жұмыс сапары барысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров өңірдің агроөнеркәсіп кешеніндегі бірқатар негізгі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты.

Олардың қатарында Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату бағдарламасы аясында іске асырылып жатқан «Надеждинка» ЖШС-нің 1000 басқа арналған сүт – тауарлы фермасы бар. Жобаның құны 4,2 млрд теңге. Нысан ағымдағы жылдың қыркүйек айында пайдаға берілмек. Кәсіпорынның жобалық қуаттылығы жылына 7,5 мың тонна сүт өндіруге жетеді. Жобаны іске асыру шикі сүт өндірісін арттыруға, қайта өңдеу қуаттарын жүктеуді қамтамасыз етуге және жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.

Тағы бір маңызды нысан – «Баян Сұлу» кәсіпорны «Кондитерлік астана» кешені жобасын іске асыруды жалғастыруда. Өткен жылдың қорытындысы бойынша кәсіпорынның өндіріс көлемі 42,2 мың тоннаны құрап, 47,1 млрд теңгеге жетті. Жаңа кешен өндірістік қуатты кеңейтуге, компанияның экспорттық әлеуетін нығайтуға бағытталған.

Одан әрі Айдарбек Сапаров «Милх» серіктестігінде ірімшік өндіру цехының жұмысымен танысты. 1997 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорын өңірдегі сүтті қайта өңдеуші жетекші кәсіпорындардың бірі саналады. Өндірістік қуаттылығы жылына 40 мың тонна дайын өнімді құрайды. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша 38 мың тонна сүт өнімдері өндірілді, 100-ден астам атау түрлерін қамтиды.

Сапар барысында аквамәдениетті дамыту мәселесіне де ерекше назар аударылды. «Қостанай бекіресі» серіктестігі құны 978 млн теңге болатын балық өсіру шаруашылығын салу жобасын қолға алуда. Нысанды 2028 жылы пайдаға беру жоспарланған. Жылына 50 тоннаға дейін форель өсіру, 2 млн данаға дейін өсімдік қоректі балықтардың шабағын өндіру, тәулігіне 1 тоннаға дейін өнімді қайта өңдеу, сондай-ақ сыйымдылығы 500 тоннаға дейін мұздатқыш инфрақұрылымын құру көзделген.

Айдарбек Сапаров инвестициялық жобаларды іске асыру агроөнеркәсіп кешенінің тұрақты дамуын, оның технологиялық деңгейі мен бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі көрсеткіші екенін атап өтті.

«Бүгінде тек ғана өндіріс көлемін арттыру емес, сонымен қатар қайта өңдеуді дамыту, қосылған құны жоғары өнім өндіру және тұрақты өндірістік тізбектер қалыптастыру маңызды. Мұндай жобаларды іске асыру ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің табысын арттыруға және елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді», — деді министр.

Жалпы алғанда, өңірдегі қолға алынып жатқан жобалар экономиканы әртараптандыруға, қайта өңдеу секторын дамытуға және Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің экспорттық әлеуетін арттыруға ықпал етеді.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/1189335?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version