Айдарбек Сапаров Қостанай облысының аграрлық тауар өндірушілермен саланы дамыту және мемлекеттік қолдау шараларын талқылады

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қостанай облысына жұмыс сапары аясында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров өңірдің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесу өткізді.

Басты мақсат – мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарының негізгі бағыттарын түсіндіру, сондай-ақ көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысымен танысу.

Кездесу «Надеждинка» серіктестігінде базасында өтті. Онда министр аграршыларға қолданыстағы мемлекеттік қолдау шаралары мен саладағы негізгі жаңашылдықтар туралы ақпарат берді.

Екінші жыл қатарынан фермерлер ауыл шаруашылығы саласының тұрақтылығы мен тиімділігін дәлелдей отырып, жоғары нәтижелер көрсетіп келе жатқаны айтылды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 5,9%-ға өсіп, 9,8 трлн теңгені құрады.
Жүйелі шаралардың, оның ішінде заманауи агротехнологияларды кеңінен енгізу мен жеңілдетілген қаржыландыру көлемін арттырудың арқасында былтыр дәнді, майлы және бұршақты дақылдардан мол өнім жиналды. Бұл ішкі қажеттілікті толық қамтамасыз етіп, экспорт көлемін ұлғайтуға мүмкіндік берді.

Мәселен, 2024–2025 ауыл шаруашылығы маусымында астық экспорты 15,3 млн тоннаға жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 60%-ға артты. Бұл – соңғы 20 жылдағы ең жоғары көрсеткіш.
«Мемлекет басшысы айқындаған даму бағыты мен Үкіметтің қолдауының арқасында бүгін біз осындай нәтижелерге қол жеткіздік. Биыл егіс алқаптарын әртараптандыру жалғасады. Ел бойынша жалпы егіс көлемі шамамен 23,8 млн гектарды құрайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 180 мың гектарға артық. Бидай алқаптарын кезең-кезеңімен 12,1 млн гектарға дейін қысқарта отырып, майлы және мал азықтық дақылдардың көлемін ұлғайту көзделген», — деді министр.

Қостанай облысы еліміздің жетекші аграрлық өңірлерінің бірі болып қала береді. Облыстың жалпы өңірлік өніміндегі ауыл шаруашылығының үлесі шамамен 10%-ды құрайды, сонымен бірге саланың өсу әлеуеті әлі де жоғары.

Биыл егіс алқабы 5,5 млн гектарға жетеді. Өңірде 3,4 млн гектарға бидай, 560 мың гектарға мал азықтық дақылдар, 890 мың гектарға майлы дақылдар, 15 мың гектарға дәндік жүгері және 1,4 мың гектарға көкөніс дақылдары егіледі.

Айдарбек Сапаров қаржыландыруға қолжетімділікті кеңейтуге ерекше назар аударылып отырғанын атап өтті.

Өткен жылы жеңілдетілген несиелеу көлемі 750 млрд теңгені құрап, 8 млн гектардан астам егіс алқабын қамтуға мүмкіндік берді. Биылғы көктемгі дала және егін жинау жұмыстарына алдын ала қаржыландыру аясында да 750 млрд теңге қарастырылған. Қазіргі таңда 317 млрд теңге сомасына 3 мыңнан астам ауыл шаруашылығы өндірушісі қаржыландырылды. Қостанай облысында 280 аграршыларға 26,4 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілді.

Ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизинг арқылы алу бағдарламасы жалғасуда. 2025 жылы 226 млрд теңгеге 9 мың бірлік техника сатып алу қаржыландырылды. Оның ішінде Қостанай облысында 20,2 млрд теңгеге 416 техника алынды. 2026 жылы лизинг көлемі 350 млрд теңгеден асады.

Министр биыл ауыл шаруашылығы өндірісін 5,9%-ға, ал азық-түлік өндірісін 6%-ға арттыру жоспарланып отырғанын айтты. Бұл саланың жалпы өнім көлемін кезең-кезеңімен екі еселеу міндетін орындауға мүмкіндік береді.

«Биылғы жылы дамудың негізгі қозғаушы күші мал шаруашылығы болады. Осы мақсатта Үкімет тарапынан қаржыландыру көлемі 400 млрд теңгеден асатын кешенді жоспар бекітілді. Наурыз айынан бастап жылдық мөлшерлемесі 6%-дан аспайтын “Игілік” және “Береке” жеңілдетілген несие өнімдері іске қосылды. Олар асыл тұқымды мал сатып алуға бағытталған. Сонымен қатар жақын уақытта жайылымдық мал шаруашылығы мен жайылым инфрақұрылымын дамытуға арналған “Жайлау” бірыңғай бағдарламасы іске қосылады», — деді Айдарбек Сапаров.

Сондай-ақ мал шаруашылығы кәсіпорындары үшін айналым қаражатын толықтыруға арналған жылдық 5% мөлшерлемемен жеңілдетілген несие беру бағдарламасын енгізу жоспарлануда.

Ірі жер пайдаланушыларды мал шаруашылығын дамытуға тартуға да ерекше назар аударылды. Аралас шаруашылық үлгісіне көшу жерді тиімді пайдалануға және ауылда жыл бойы жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Ірі инвестициялық жобаларды қаржыландыру бағдарламасы да жалғасуда. Бағдарлама іске асырылғалы бері ел бойынша жылына 381 мың тонна сүт өндіретін 69 сүт – тауарлы фермасы пайдалануға берілді. Биыл осы мақсаттарға 100 млрд теңге бөлініп, оның 9 млрд теңгесі Қостанай облысына бағытталады.

«Соңғы екі жылда аграрлық салада айтарлықтай өзгерістер байқалады. Бұл нәтижелерге тікелей әсер етуде, яғни өнімділік, өндіріс көлемі және экспорттық әлеует артып келеді. Жеңілдетілген қаржыландыру көлемі ұлғайып, қаржы құралдары кеңейіп жатыр. Бұл бізге дамуға қосымша мүмкіндік береді. Қабылданып жатқан шаралар аграрлық саланың тұрақтылығын арттыруға және өңірлердің әлеуетін ашуға бағытталғаны қуантады», — деді кездесуге қатысушылар.

Кездесу барысында ауыл шаруашылығы өндірушілері жеңілдетілген қаржыландыруға қолжетімділік, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту, қайта өңдеу саласын дамыту және мал азығы базасын қамтамасыз ету мәселелерін көтерді. Әрбір сұрақ бойынша министр жан-жақты түсініктеме беріп, айтылған ұсыныстар мен ескертулер аграрлық саладағы мемлекеттік саясатты іске асыру барысында ескерілетінін атап өтті.

 

 

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/1189356?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version