Көкшетау қаласында облыс әкімінің орынбасары Мұрат Балпанның төрағалығымен ағымдағы гидрометеорологиялық жағдай мен төтенше жағдайлар қаупінің жоғарылауын ескере отырып, су тасқыны кезеңіне дайындық мәселелері бойынша кезектен тыс кеңес өтті.
«Қазгидромет» деректеріне сәйкес, 28 наурыздан бастап, түнгі уақытты қоса алғанда, ауа температурасының тұрақты көтерілуі күтіледі. Бұл қар жамылғысының қарқынды еруіне, еріген сулар көлемінің ұлғаюына және гидротехникалық құрылыстар мен су бұру жүйелеріне түсетін жүктеменің артуына алып келеді.
Мүмкін болатын су басу қаупін және өткен жылдың тәжірибесін ескере отырып, өңірде әрекет ету шаралары күшейтілді. Облыстық жедел штабта тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылып, жауапты лауазымды тұлғалар жағдайды жергілікті жерлерде бақылау үшін аудандарға жіберілді.
Қар шығару, еріген суларды сору, арықтар мен каналдарды тазалау, сондай-ақ судың кедергісіз ағуын қамтамасыз ету жұмыстары күшейтілді.
«Біз өткен жылғы су тасқынының салдарын ескереміз, сондықтан барынша жедел әрі үйлесімді әрекет етеміз. Негізгі міндет — елді мекендерді су басуына жол бермеу және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Барлық қызметтер алдын ала жұмыс істеуі тиіс, әрбір басшы қабылданған шешімдер үшін жеке жауапты», — деп атап өтті Мұрат Балпан.
Азаматтық қорғау қызметтерінің басшылары мен бекітілген лауазымды тұлғаларға су тасқыны жағдайын тұрақты бақылауды қамтамасыз ету және жергілікті жерлерде кезекшілікті ұйымдастыру тапсырылды. Облыстық жедел штаб барлық тартылған қызметтердің жұмысын үйлестіріп, республикалық штабты уақтылы ақпараттандыруды қамтамасыз етеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-upr/press/news/details/1189398?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау