Шымкент қаласында мемлекеттік органдардың, бизнес өкілдерінің, халықаралық технологиялық компаниялар мен сарапшылар қауымдастығының 3 000-нан астам қатысушысын біріктірген Digital Qazaqstan 2026 халықаралық технологиялық форумы өтті. Биылғы форумның негізгі тақырыбы Industry 5.0: The Power of Connection тұжырымдамасы болды, ол адамға бағдарланған, тұрақты әрі өзара байланысты цифрлық экономикаға көшу үдерісін айқындайды.
Іскерлік бағдарлама аясында қатысушылар жасанды интеллектіні дамыту, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, цифрлық экожүйелерді қалыптастыру, сондай-ақ қалалық басқару мен өнеркәсіпке инновациялық шешімдерді енгізу мәселелерін талқылады. Ерекше назар жасанды интеллектіні қолданудың практикалық кейстеріне және жаңа экономиканың негізгі ресурсы ретіндегі деректерге аударылды.
Форум жұмысына Астана қаласының Цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасы «Астана Innovations» АҚ-мен бірлесіп қатысты. GovTech стенді алаңында қаланың R&D-экожүйесінің негізгі элементі ретінде AI Lab тұжырымдамасы ұсынылды.
AI Lab жасанды интеллект негізіндегі шешімдерді қалалық инфрақұрылымның түрлі салаларына енгізу үшін іздеу, іріктеу, сынақтан өткізу және енгізудің бірыңғай ортасы ретінде қалыптастырылады. Тұжырымдама стартаптармен өзара іс-қимылды, акселерациялық бағдарламаларды өткізуді, пилоттық жобаларды іске қосуды және тиімді шешімдерді кейіннен ауқымдауды қамтитын инновациялармен жұмыс істеудің толық циклін қарастырады. Сонымен қатар, қала мүддесіне қолданылатын технологияларды сараптамалық бағалау мен басымдық беруді қамтамасыз ететін AI-кеңес маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.
Экспозиция аясында интерактивті форматта елорданың негізгі цифрлық жобаларын және олардың қала тұрғындарының күнделікті өміріндегі қолданылуын таныстырған AI-аватар да көрсетілді.
Форум барысында делегация серіктестермен бірқатар жұмыс кездесулерін өткізіп, салалық сессияларға қатысты. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрінің төрағалығымен өткен «Қазақстанның цифрлық өңірлері» атты дөңгелек үстелге қатысты.
Форум қорытындысы бойынша «Астана Innovations» АҚ жетекші технологиялық және білім беру ұйымдарымен бірқатар ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды. Атап айтқанда, MOST Ventures Fund-пен инновациялар мен жасанды интеллект саласындағы бірлескен жобаларды дамыту бойынша келісімдерге қол жеткізілді.
Сонымен қатар, жасанды интеллект және цифрландыру саласында білікті мамандар даярлауға бағытталған «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-мен келісім жасалды.
Бұдан бөлек, AI-жобаларды дамыту үшін деректер жиынтықтарын бірлесіп құру және пайдалану жөніндегі әріптестік «NCSPEECH» ЖШС компаниясымен орнатылды. Бұл бағытты іске асыру зияткерлік сервистерді енгізуді жеделдетуге және ұлттық деңгейде цифрлық шешімдердің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Digital Qazaqstan 2026 форумына қатысу халықаралық ынтымақтастықты дамыту, тәжірибе алмасу және Астана қаласының жасанды интеллект пен цифрлық трансформация саласындағы бастамаларын ілгерілету жолындағы маңызды қадам болды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana-urgsa/press/news/details/1189359?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау