Қазақстанда ваучерлік қаржыландыру әдістемесін қолдана отырып, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік тапсырысты орналастыру бойынша пилоттық жобаның іске асу кезеңі 2026 жылғы 1 шілдеге дейін жалғастырылады. Бұл норма Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің тиісті бұйрығымен бекітілген.
Құжатқа енгізілген түзетулер мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру қағидаларын жетілдіруге бағытталған.
Ваучерлік қаржыландыру жүйесінің негізгі артықшылығы – ата-аналарға балабақшаны өз бетінше таңдау мүмкіндігі берілуі. Бұл жеке және мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдар арасында дұрыс бәсекелестікті қалыптастырады, қаржыландыру процесін ашық етеді, яғни «ақша ұйымға емес, балаға беріледі».
Жаңа жүйе балабақша кезегіне тұру рәсімін жеңілдетіп, заңсыз факторларды болдырмайды, сонымен қатар қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта пилоттық жоба республиканың 20 қаласы мен облыстардың 23 ауданында енгізілген. 2025 жылдан бастап мектепке дейінгі ұйымдар кезең-кезеңімен ваучерлік қаржыландыру жүйесіне көшірілуде.
Жобаны іске асыру тиімділігі кешенді түрде талданып, нәтижелері бойынша мектепке дейінгі білім беру жүйесін одан әрі жетілдіруге бағытталған ұсыныстар әзірленеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent-bilim/press/news/details/1190110?lang=kk

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау